Жамбыл облысының Полиция департаменті 2025 жылдың І тоқсанын қорытындылады

0 59

Жамбыл облысы Полиция департаментінде 2025 жылдың бірінші тоқсаны бойынша жедел-қызметтік жұмыстың қорытындысына арналған кеңейтілген алқа отырысы өтті. Жиынды ПД бастығы, полиция полковнигі Бақытжан Малыбаев ашып, Мемлекет басшысы мен ҚР Ішкі істер министрінің «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыру жөніндегі тапсырмалары аясында атқарылған жұмыстарды саралады, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Биылғы жыл Ішкі істер органдарында «Полиция – заң мен тәртіп қорғауында» атты профилактика жылы ретінде белгіленіп, осы бағытта бірқатар маңызды міндеттер айқындалды. Аудандық полиция басқармалары мен бөлімдерінің басшыларына құқық бұзушылықтың алдын алу, халықпен тығыз жұмыс жүргізу, полиция қызметінің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыру жөнінде нақты тапсырмалар жүктелді.

Отырыс барысында Бақытжан Малыбаев балалардың құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше назар аударып, бұл бағытта мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істеу қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ мал ұрлығының алдын алу шараларын күшейтіп, ет және мал өнімдері сатылатын базарлар мен сауда орындарында рейдтер ұйымдастыру тапсырылды.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бағытында ұйымдасқан қылмыстық топтарды анықтап, жоюға басымдық берілмек. Алаяқтық фактілерінің өсуіне байланысты бұл салада да кешенді жұмыстар жүргізу көзделіп отыр.

Жол-көлік оқиғаларын азайту мақсатында жол қозғалысын бақылау жүйесін автоматтандыру бағытында нақты іс-шаралар қолға алынуда. Бұл шаралар жол қауіпсіздігін арттырып, апат санын төмендетуге септігін тигізбек.

Сонымен қатар, отырыста жеке құрам арасында қызметтік тәртіп пен заңдылықты сақтау мәселесі де кеңінен сөз болды. Құқық қорғау органдарының беделі тәртіп пен әділдікке тікелей байланысты екені атап өтілді.

Кеңес қорытындысында Полиция департаментінің бастығы бірқатар аудандық бөлімдер мен басқарма басшыларына жол берілген кемшіліктер үшін қатаң ескерту жасап, оларды қысқа мерзім ішінде жоюды тапсырды.