Қараусыз қалса – қауіпке ұрынады

0 214

Жамбыл облысында өткен «Жасөспірім» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында 400-ге жуық қараусыз бала анықталды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған іс-шара бес күнге созылып, осы уақыт ішінде 456 кәмелетке толмаған жасөспірім полиция бөлімшесіне жеткізілген. Оның 386-сы – қараусыз және панасыз жүрген балалар.

Құқық қорғау органдары тарапынан барлығы 469 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді.
Түнгі сағат 23:00-ден таңғы 6:00-ге дейін балаларының сыртта жүруіне жол берген 369 ата-ана мен заңды өкіл әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл – ата-аналардың бала тәрбиесіндегі салғырттығы мен бақылаудың жоқтығын көрсетеді.

Сонымен қатар, балаларын тәрбиелеу, оқыту және құқықтарын қорғау бойынша міндеттерін орындамаған 50 ата-ана анықталып, оларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, іс материалдары сотқа жолданған.

21 жасөспірім мен 10 қолайсыз отбасы есепке қойылды. Бұл – қауіп-қатерге толы әлеуметтік жағдайлардан балаларды қорғауға бағытталған кезекті бір қадам.

Шара барысында тек балалар емес, олардың жүріп-тұратын ортасы да назардан тыс қалмады. Оқу орындарына іргелес жатқан жол инфрақұрылымдары тексеріліп, жергілікті атқарушы органдарға 32 нұсқама жолданды. Бұл – мектеп маңындағы жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған шаралар.