Мақсат – азаматтардың сотқа деген сенімін арттыру
Адамзат қоғамының даму тарихында негізгі рөлді техникалық жаңалықтар ғана атқарды десек қателесеміз. Бұл — өте күрделі үдеріс. Онда руханияттың, яғни өнер мен мәдениеттің де үлесі зор. Сол сияқты мемлекетті мемлекет ететін заңдар кешешінің мүлтіксіз орындалуын қадағалап, әділдік қағидаттарын жүзеге асыратын, қоғамның және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғайтын сот жүйесінің көне дәуір қоғамының дамуындағы рөлін ескермеуге болмайды, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Тәуелсіздігінің 34 жылдығына қадам басқан Қазіқ елінің бастауын «Дала заңының» негізгі қағидалары мен нормаларынан алатын сот жүйесінің даму жолын төрт кезеңге бөліп қарауға болады: Бірінші кезең — Тәуелсіздіктен кейінгі сот жүйесінің дамуы (1991-1995 жж.). Екінші кезең — Қазақстан Республикасы сот жүйесінің қалыптасу кезеңі (1995-2000 жж.). Үшінші кезең — Сот жүйесін жетілдіру (2000-2019 жж.). Төртінші кезең — Сот жүйесін дамытудың жаңа кезеңі (2019-2025 жж.).
Бұл жылдары еліміздің сот жүйесі ескі кеңестік сарқыншақтардан арылды, қолданысқа жаңа институттар енгізілді, жаңа заңдар қабылданып, судьялар корпусының тиімді қызмет етуі үшін тәуелсіз сот жүйесінің қағидатына негізделген база қалыптасты.
2019 жылдан елімізде сот жүйесін дамытудың жаңа кезеңі басталды. Сол жылғы «СЫНДАРЛЫ ҚОҒАМДЫҚ ДИАЛОГ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ МЕН ӨРКЕНДЕУІНІҢ НЕГІЗІ» атты алғашқы президенттік Жолдауында-ақ «Біз елімізді реформалаудың жаңа кезеңіне қадам бастық» деп атап көрсеткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сот және құқық қорғау жүйесіндегі күрделі реформалар – азаматтарымыздың құқықтарын қорғаудың және олардың қауіпсіздігін күшейтудің негізгі факторы. Сот шешімдерінің сапасын арттыру үшін бірқатар маңызды шараларды жүзеге асыру қажет», деп, бұл реформаларда сот жүйесінің ерекше мәнге ие екенін аңғартты. Одан кейінгі Жолдауларында да бұл мәселені естен шығарған емес.
Президент ол туралы айтып қана қойған жоқ, нақты қадамдар жасады. Атап айтқанда 2021 жылы өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы Екінші Факультативтік Хаттаманы ратификациялау туралы заңға қол қойды. Үкімет Президент Жарлығына сәйкес, Қазақстанда адам құқығын қорғау жүйесін одан әрі жетілдіру үшін ұзақ мерзімді институттық негіз қалыптастырған Адам құқығын қорғау жөніндегі кешенді жоспарды бекітті.
2021 жылдың 1 шілдесінен ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі күшіне енді. Жаңа реформа аясында елімізде жұмыс істей бастаған мамандандырылған әкімшілік соттар ә дегеннен-ақ оң нәтиже көрсетті. Тараз қаласында өткен «Сот жүйесі ғалымдарының диалогы» атты І Халықаралық форумда әкімшілік әділет жүйесі қолданысқа енген үш айдың ішінде 21 жаңа әкімшілік сотқа 7 мың талап арыз түсіп, арыз иелерінің 60 пайызы, яғни жеке тұлғалар мен бизнес өкілдері жеңіске жеткені айтылды. Ал Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс қабылданғанға дейін талап арыздарды қанағаттандыру деңгейі 14 пайызды ғана құраған еді.
Президент 2020 жылғы «ЖАҢА ЖАҒДАЙДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН: ІС-ҚИМЫЛ КЕЗЕҢІ» атты жолдауында «Қоғамның соттарға деген сенімін орнықтыру басымдығы бар мақсатқа айналуы керек. Бұған мемлекет пен судьялар корпусының өз күштерін жұмылдыруы арқасында ғана қол жеткізуге болады. Сот жүйесі ешкімге есік ашпайтын меңіреу мекемеге айналмауға тиіс. Жоғары сот кеңесі мен Жоғарғы сот жаңа кәсіпқой кадрларды сот төрелігін жүзеге асыруға тарту жұмысын белсенді жүргізгені жөн», деп атап көрсетті. Бұл маңызды мәселе екі жылдан кейін шешімін тапты. 2023 жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне процестік заңнаманы жетілдіру және сот жүйесін реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңы күшіне енді. Реформалар процестердің ашықтығымен қатар, сот жүктемесі мәселесін шешуге де бағытталған. Жаңа заңнама елдің Жоғарғы Сот органына салықтық құқық немесе жер қойнауын пайдалану құқығы сияқты мамандандырылған құқық салаларында үлкен тәжірибесі бар көрнекті заңгерлерді тартуға мүмкіндік береді.
Жалпы, сот жүйесіндегі реформалар аясында тәжірибелі мамандарға баса назар аудара отырып, кадрларды жаңа іріктеу, процесті жеңілдететін және адами факторды жоятын жаңа технологияларды енгізу, сот төрелігінің ашық алаңын құру жұмыстары бүгінде біртіндеп іске асырылып жатыр.
Атап айтқанда электронды сервистерді енгізу сот ісін жүргізуді едәуір жеделдетіп, сот жүйесінің ашықтығын арттырды. Сондай-ақ азаматтардың шығындарын азайта отырып сот процесіне жылдам қол жеткізуге септігін тигізді.
Бүгінгі таңда сот жүйесінде «Төрелік» жүйесі, сот органдарының интернет-порталы, «Сот кабинеті» сервисі, электрондық тарату жүйелері және басқа да ақпараттық жүйелер мен сервистер құрылған. Қазақстанда сот органдарының бірыңғай интернет-алаңы sud.gov.kz 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Сайт пайдаланушыларға Жоғарғы Соттың ғана емес, елдің барлық соттарының қызметі туралы ақпаратты бірыңғай терезеде қарауға мүмкіндік береді. «Smart-сот» телеграм-боты арқылы жиі туындайтын сұрақтарға жауап алуға болады. Кез келген азамат «Сотқа шақыру қағазы», «Сот құжаттарымен танысу» және «Хабарламаға сот құжаттарын қарау» онлайн сервистерін пайдалана алады.
«Сот кабинеті» сервисі арқылы пайдаланушылар үйден немесе кеңседен шықпай-ақ сотқа талап арыз, шағым, өтініш, пікір, қарсы талап арыз немесе өтініш (барлығы 100-ден астам электрондық құжат түрі) бере алады, мемлекеттік бажды онлайн режимінде төлей алады, сондай-ақ кәсіби медиаторды таңдап, медиацияны электрондық түрде жүргізуге өтінім бере алады. Егер 2014 жылы электрондық талаптар 5 пайызды ғана құраса, бүгінде өтініштердің 90 пайыздан астамы Сот кабинеті арқылы беріледі екен. Ал «Соттар-Gis» сервисі — белгілі бір аймақтағы соттардың, адвокаттардың, медиаторлардың, нотариустардың байланыс деректерін табуға болатын карта.
Пайдаланушыларға ыңғайлы болу үшін Сот кабинетінің мобильді нұсқасы іске қосылған. Тиісті қосымшаны смартфонға, ноутбукке немесе планшетке тегін жүктеуге болады. Енді пайдаланушылар мобильді гаджет арқылы QR кодымен кіріп, құжаттарға қол қоя алады.
2016 жылдан бері еліміздің барлық соттарында «Төрелік» ақпараттық талдау жүйесі жұмыс істейді. Ол процестік мерзімдердің сақталуын автоматты түрде есепке алуды және бақылауды жүргізеді, статистикалық және талдамалық есептерді қалыптастырады, іс жүргізу мен сот ісін жүргізуді жеңілдетеді.
«Судья күнделігі» модулі іс жүргізудегі істер бойынша мәліметтерді өңдейді, тағайындалған және өткізілген отырыстар, істерді қарау мерзімдері туралы өзекті ақпаратты ұсынады және сот отырыстарының күнтізбесін қалыптастырады. Істердің санаттарына байланысты оларға сот практикасын жалпылау автоматты түрде қосылады. Бұл судьялардың процестерді ұйымдастыруға және қолданыстағы сот практикасымен танысуға уақытын үнемдейді. Субъективизмді және ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмайтын істерді бөлу толығымен автоматтандырылған.
Қажет болған жағдайда судьялар мүдделі даулар түрлері бойынша барлық сатылардың нақты сот актілерін зерделей алады. Оларды іздеуді жеңілдету үшін «Сот практикасы» сервисінде сот актілерінің мәтініндегі түйінді сөздерді іздеуге мүмкіндік беретін «Мәтін майнинг» технологиясы енгізілді.
«Төрелік» жүйесі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың 32 дерекқорымен интеграцияланған. Бұл судьялардың жұмысын едәуір жеңілдетеді, енді жазбаша сұраныстарды рәсімдеудің қажеті жоқ, сотқа қажетті ақпарат бір рет басу арқылы қолжетімді болды.
Арнайы модуль судьяларға үкім шығаруда көмектеседі, ол қылмыстық құқық бұзушылықтың нақты түрлері бойынша заңнамалық талаптар мен шектеулерді көрсетеді. Судьяларға материалдық және іс жүргізу заңнамасының нақты нормаларын іздеуге уақыт жұмсаудың қажеті жоқ, ал жазаны дұрыс тағайындамау ықтималдығы (негізгі және қосымша) барынша азайтылады.
Бүгінге сот отырыстарының барлық залдары заманауи аудио-бейнетіркеу жүйелерімен жабдықталған. Бұл біріншіден, процестің барысын, соның ішінде тараптар мен судьяның іс-әрекеттерін мен мәлімдемелерін объективті түрде зерттеуге мүмкіндік береді. Екіншіден, процестің барлық қатысушыларын тәртіпке келтіреді. Үшіншіден, сот отырысы хатшысының жұмысы едәуір жеңілдеді, ол тек жүйе дайындаған қысқаша хаттаманы басып шығарады және оған аудио-бейнежазбаларды тіркейді. Сондай-ақ, АБТ жүйесі сот отырыстарын бейнеконференцбайланыс арқылы қашықтықтан өткізуге мүмкіндік береді.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде электрондық сот залдары құрылған. «Сот практикасының цифрлық аналитикасы» сервисінде қолданылатын жасанды интеллект элементтері енгізілуде. Компьютер миллиондаған сот актілерін бір сәтте талдайды.
Жеке сот орындаушыларының шетелге шығуды шектеу туралы қаулыларына санкция беру процесі роботтандырылған. Нәтижесінде келіп түскен 121,5 мың материалдың 118 мыңы роботпен тіркелген, 3,7 мың материал қабылданбапты. Мамандардың айтуынша, кәмелетке толмаған балаларға алимент өндіріп алу туралы сот бұйрықтарын шығаруды роботтандыру жобасы аяқталған.
Соттардың жұмысын жедел бақылау және талдау мақсатында Жоғарғы Сотта Ахуалдық орталық құрылған.
Сот төрелігін цифрландыру және сот жүйесінің сервистерін жетілдіру бойынша жұмыс жалғасуда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында заң үстемдігі мен сапалы сот төрелігі заң мен тәртіпті қамтамасыз етудің негізі екендігін айта келе «Сот реформасы – құқықтық мемлекеттің маңызды критерийі, инвестициялық тартымдылықтың негізі, жекеменшік құқығын қорғауды қамтамасыз ету. Сот жүйесін реформалаудың жаңа тәсілдері судьялардың тәуелсіздігін одан әрі нығайтуды, қоғамның соттарға деген сенімін арттыруды, сот төрелігін іске асыруға жаңа кәсіби кадрларды тартуды ынталандыруды, сот процесінің ыңғайлылығы мен тиімділігін көтеруді қамтамасыз етуі тиіс», деп атап көрсетті. Ендеше елімізде сот жүйесін реформалау жұмыстары жалғаса береді.