Заң талаптарын сақтауға шақырды

0 162

Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәмелетке толмағандарға қатысты кез келген зорлық-зомбылық түрі үшін жазаны қатаңдату қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ ол, қылмыстардың жасөспірімдер тарапынан жасалуы немесе оларға қарсы бағытталуының алғышарты болып табылатын қараусыздық жағдайларын жою қажет екенін айтты.

Соңғы сөйлеген сөзінде де Қ.Тоқаев кәмелетке толмағандардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, тұрмысы төмен отбасыларда тұратын балаларды анықтау және оларға көмек көрсету жөнінде бірқатар тапсырмалар берді. Мемлекет басшысы жасөспірімдер ісі жөніндегі инспекторлардың буллинг сияқты қауіпті әлеуметтік құбылыстармен күрестегі рөлін атап өтіп, жастармен тәрбиелік мақсаттағы кездесулер, әңгімелер, «дөңгелек үстелдер» өткізуді тапсырды.

Жақында Мойынқұм ауданы, Жамбыл ауылдық округіне қарасты Абай атындағы орта мектепте «Заң және тәртіп» жобасы аясында оқушылармен кездесу өтті. Бұл іс-шараны аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі, Жастар ресурстық орталығы және полиция қызметкерлері бірлесе ұйымдастырып, өткізді, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпарат агенттігінің тілшісі.

Аталмыш іс-шараның мақсаты – өскелең ұрпаққа заңның қоғам өміріндегі маңызын түсіндіру, оны сақтау қажеттігін ұғындыру, әлеуметтік өмірдегі тәртіп ережелерін еске салу және білім деңгейін арттырудың маңыздылығын жеткізу болды. Сондай-ақ кездесу барысында оқушылар мамандармен бірге қауіпсіздік ережелері туралы ой қозғап, жолда өздерін қалай қорғау керектігі, зиянды әдеттерден сақтану жолдары жөнінде пікір алмасып, көкейлеріндегі сауалдарын қойды.

Іс-шара соңында ұйымдастырушылар жас буынды құқықтық сауатты болуға, өз құқықтары мен міндеттерін білуге және заңды сақтауға шақырды. Бұл – аса маңызды.