Саланы дамыту жылдан-жылға жалғаса береді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар айында «Ana tili» газетіне берген сұқбатында мемлекет субсидия, жеңілдетілген несие және кепілдендірілген қарыз беру арқылы шағын және орта бизнеске қолдау көрсетіліп жатқанын айтты. «Шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі үздіксіз артып келеді. Бүгінде осы бизнестің өкілдері 4,3 миллион адамға, яғни еңбек етіп жүрген азаматтардың тең жартысына жуығына жұмыс тауып беріп отыр. Сондықтан кәсіпкерлік бастамалар ел экономикасының негізгі қозғаушы күшіне айналып келеді деп сеніммен айтуға болады», — деді, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Мемлекет басшысы атап көрсеткендей мемлекет ірі және орта бизнесті де дамытуға мүдделі. Бұл арада отандық және шетелдік инвесторлардың ел бизнесіне салып отырған көмегі де зор. Жамбыл облысында өңір экономикасында биыл өнеркәсіп өндірісінің үлесі — 19, ал ондағы өңдеу секторы 65,5 пайызды құрады. Жалпы, аймақта 891 кәсіпорын жұмыс істесе, өңдеу өнеркәсібінде 46 мың адам еңбек етуде.
Мемлекет басшысы Жолдауларында ел азаматтарын жұмыспен қамту, ерекше жандарды мемлекет қамқорлығына алу, оларға жағдай жасау, кәсіп бастауға ниет еткен азаматтарға қайтарымсыз грант тағайындау, пайыздық мөлшері аз несие қарастыру жұмыстарын көтеріп, жүйелі тапсырмалар берген болатын. Президенттің тапсырмасы облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан да жоспарлы жүзеге асырылып, «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға – 494 адам жолданса, оның 197-і қайтарымсыз грант иегері атанып, өз кәсіптерін ашыпты.
Шағын және орта бизнесте ауылшаруашылығы өнімін өндірушілер де мемлекеттің қаржылық қолдауларынан тыс қалып отырған жоқ. Облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлебек Құлекеевтің айтуынша, өткен жылы ауылшаруашылығы саласын дамытуға 26,9 миллиард теңге бөлініп, 15 мыңнан астам шаруашылыққа субсидия төленген. Сондай-ақ қаржы институттары мен микроқаржы ұйымдары арқылы 1594 агроқұрылымға 16,1 миллиард теңге несие берілген. Нәтижесінде, өткен жылдың он бір айында салада 425,4 миллиард теңгенің ауылшаруашылығы өнімі өндірілген. Оның 275 миллиард теңгесі егін, 149,6 миллиард теңгесі мал шаруашылығына тиесілі. Бұдан бөлек, ауылшаруашылығы және тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына 20 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылған.
Үкіметтің наурыз айында өткен кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы: «Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру қажет. Былтыр экономиканың басқа салаларына қарағанда ауылшаруашылығы даму қарқыны бойынша алға шықты. Бұған көктемгі егіс науқанына берілетін арзан несие көлемін едәуір арттырудың арқасында қол жеткіздік. Биыл осы науқанға кемінде 700 миллиард теңге бөлу керек. Арзан несиені малшыларға және ауылшаруашылығы өнімін өндірушілерге бөлген жөн» деп атап көрсетті.
— Облыста «Агроөнеркәсіптік кешендегі жобаларға жеңілдетілген несие беру» бағдарламасын (Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату) іске асыруға өткен жылы республикалық бюджеттен 8 миллиард теңге қарастырылып, 13 жоба қаржыландырылды. Ал, 2019-2023 жылдары «Ауыл аманаты» жобасы аясында республикалық және жергілікті бюджеттен жалпы 42,2 миллиард теңге бөлініп, 8 мыңға жуық жобалар несиелендірілді. Сонымен қатар, сапалы тұқым, тыңайтқыш, химиялық қорғау және жанар-жағармай заттарын сатып алу үшін кооперативтерге 946,9 миллион теңге айналым қаражаты берілді. Ал, жоба Жуалы ауданында іске асырылған сәттен бастап онда жобаға 6 ауылдық округ енгізілген. Оған барлығы 3263 аула қатысқан. Бүгінгі күні бұл ауданда мүйізді ірі қара саны 124 пайызға, яғни 25907 басқа, жылқы 130 пайызға, яғни 9679 басқа, қой-ешкі 112 пайызға, яғни 96369 басқа өскен. Алты ауылдық округте 813 жеке кәсіпкерлік ашылып, алты ауылшаруашылығы кооперативі құрылып, 1130 жұмыс орны ашылған. Атап айтқанда, мұның барлығы да Президент Жолдауында тапсырғандай ел халқының әлеуметтік тұрмысын жақсартуға, ауылшаруашылығы кооперативтерін және агроқұрылымдарға салынған инвестициялық жобаларды дамытуға бағытталған. Ендігі кезекте «Ауыл аманаты» жобасын дамытуға осы жылға 10 миллиардтан астам қаржы республикадан сұралуда – дейді Төлебек Құлекеев.
Президенттің ауылшаруашылығы саласын әлеуетін арттыру туралы берген тапсырмасын облыста орындау бағытында нақты жұмыс атқарылуда. Аса ауқымды сала қарыштап дамыса ел тоқ болады, экономика көтеріледі. Сондықтан да саланы дамыту бір айдың немесе бір жылдың еншісінде емес. Жылдан жылға жалғасын таба береді.