Жамбыл облысында «Қоғаммен байланыс» жобасы аясында азаматтарға құқықтық көмек көрсетілді

0 73

Әр азамат заңды білуі керек, себебі заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Жамбыл ауданындағы Аса ауылында «Қоғаммен байланыс» жобасы аясында азаматтарға құқықтық және жеке мәселелер бойынша кеңес беру іс-шарасы өтті, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпарат агенттігінің тілшісі.

Жамбыл облысы прокуратурасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан бұл жоба мемлекеттік органдар мен халық арасындағы өзара байланысты нығайтуға, сондай-ақ азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған. Бұл өте маңызды мәселе.

Аталған маңызды іс-шараға Жамбыл облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіров қатысты. Сол күні ауыл тұрғындары прокуратура және басқа да уәкілетті органдар өкілдерінен өз құқықтары мен міндеттері туралы білікті кеңес алу мүмкіндігіне ие болды. Айта кету керек, Жамбыл облысының прокуратурасы азаматтардың құқықтарын қорғау және өңірдегі заңдылықты қамтамасыз ету мақсатында бірнеше әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып келеді.

– Жамбыл облысында «Қоғаммен байланыс» жобасы аясында уәкілетті мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың қатысуымен іс-шаралар өткізілуде. Кері байланысты жолға қою мақсатында Жамбыл ауданында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – жергілікті тұрғындарға орнында кеңес беру, олардың мәселелерін шешуге көмектесу. Қабылдауға шамамен 200 адам келді. Тереңірек қарауды қажет ететін азаматтық өтініштер назардан тыс қалмайды және шешімін табады, – деді Жамбыл аудандық прокуратурасының аға прокуроры Арманжан Әбдібеков.

«Қоғаммен байланыс» атты ведомствоаралық жоба аясында азаматтардың өтініштерін зерделеу үшін халықпен кездесулер өткізіледі. Бұл өз кезегінде уәкілетті органдардың жұмысындағы бірқатар жүйелі құқық бұзушылықтарды анықтауға және өңір тұрғындарының құқықтарын тиімді қорғауға мүмкіндік береді.

Қабылдауға келген азаматтардың пікірінше, мұндай көшпелі қабылдаулар өз тиімділігін дәлелдеп отыр. Себебі, түрлі құрылымдар мен мекеме өкілдері бір жерде шоғырланып, келген тұрғындарға жедел кеңес беруге мүмкіндік туады.

Жамбыл облысының прокуратурасы мұндай іс-шараларды алдағы уақытта да жалғастырып, олардың географиясын кеңейтуді жоспарлап отыр.