Қазақстан Еуропалық Одаққа бал экспорттайды

0 244

Ауылшаруашылығы министрлігі Қазақстан ресми түрде Еуропалық Одақ елдеріне бал экспорттауға рұқсат алғанын хабарлады, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі. 

Рұқсат қаулысын Еуропалық Комиссия 21 ақпан күні жариялаған. Министрлік осы бағытта нәтижеге жету үшін балдағы қалдық заттарды бақылаудың Ұлттық жоспарын әзірлеп, енгізу бойынша ауқымды жұмыс жүргізген.

Еуропалық Комиссия қаулысының 2-бабына сәйкес, бұл шешім Еуропалық Одақтың Ресми журналында жарияланған күннен бастап жиырма күн өткен соң күшіне енеді.

ЕО Комиссиясының талаптарына сәйкес, осы Тізімге қосылу үшін аумақтық инспекция өтінішті Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне жолдаған кезде мынадай құжаттарды ұсынуы қажет:

1. Кәсіпорынның ЕО-ның импорттық нормалары мен талаптарына сәйкестігін растайтын Комитеттің аумақтық инспекциясының кепілдік хаты;
2. Кәсіпорынға жүргізілген ветеринариялық бақылау және қадағалау тексерулері актілері және оның ЕО талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды;
3. Кәсіпорында өндірістік бақылау жүйесі мен ХАССП жүйесінің жұмыс істейтінін растайтын құжаттар.
4. Кәсіпорын туралы деректер көрсетілген, ағылшын және орыс тілдерінде толтырылған тиісті кесте.