Қазақстанда зейнетақы мөлшері өсті

0 106

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік базалық зейнетақы мөлшері өсті. Ұлттық Банк айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 6,5%-ға, ынтымақты зейнетақы 8,5%-ға, яғни инфляция деңгейінен 2%-ға оза ұлғайтылған, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Бұдан бөлек Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төменгі базалық зейнетақыны ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-на дейін, ең жоғары – 120%-ға дейін жыл сайын кезең-кезеңімен арттыру жалғасады.

Мәселен, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төмен мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 65%-нан 70%-ға дейін ұлғайтылды. Бұл мөлшер 32360 теңгені құрап, оның ең жоғары мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 105-тен 110%-ға дейін арттырылып, 50851 теңгені құрайды.

«Мысалы, 2019 жылы зейнетке шыққан 69 жастағы зейнеткердің 2024 жылы бюджеттен төленетін зейнетақы мөлшері 156856 теңгені құрады, оның ішінде базалық зейнетақы төлемі – 45578 теңге, ынтымақты зейнетақы – 111278 теңге. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап өсімді ескере отырып, осы зейнеткер үшін зейнетақының жалпы сомасы 171588 теңгеге дейін ұлғайды, оның ішінде базалық зейнетақы – 50851 теңгені, ынтымақты зейнетақы – 120737 теңгені құрады. Аталған сомаларға БЖЗҚ-дағы төлемдер кірмейтінін атап өту маңызды», делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабараламасында.

Анықтама үшін: Ынтымақты зейнетақы республикалық бюджеттен беріліп, азаматтың өмірінің соңына дейін төленеді.