Шымкентте енді қоғамдық көліктерде жол ақысын қолма-қол төлеуге болмайды
Енді төлемді тек электронды жолмен – көлік картасы, QR код, СМС, банк карталары, арнайы қосымшадан «NFC» және «Apple pay», «Google pay», «Samsung pay» арқылы ғана жасауға болады. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
— Бұған дейін қоғамдық көлікте қолма-қол төлем түрін жүргізушінің өзі жүргізетіндіктен, көлік құралын басқарудан алшақтауға мәжбүр болатын. Бұл жолаушылардың, жол қозғалысының басқа да қатысушыларының өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Оған қоса, қоғамдық көлік жүргізушісі мен жолаушылар арасында жиі түсініспеушіліктер орын алатын. Жыл басынан бері қоғамдық көлік бойынша түскен 6 мың арыз-шағымның 3 мыңнан астамы жүргізушілерге қатысты. Оның ішінде, жолаушыларды қолма-қол ақшамен төлеуге мәжбүрлеу, қасақана есіктерді ашпау жайттары тіркелген, – делінген әкімдік мәліметінде.
Бұдан бөлек жүргізілген талдауға сәйкес автобустарда 97% транзакциялар электрондық жүйелері арқылы (карта, QR-код, SMS), ал қалған 3%-ы ғана қолма-қол ақшамен төленгенгені анықталыпты. Бұл көрсеткіш те жолаушылар үшін электронды жүйенің тиімді екенін көрсетіп отыр.
Енгізілетін өзгерістердің нәтижесінде көлеңкелі ақша айналымы, қоғамдық көліктердің бекітілген уақытынан кешігуі және жол-көлік оқиғалар көрсеткіші айтарлықтай төмендейді деп сендірді қала әкімдігі.
Айта кетсек, бүгінгі таңда мегаполисте 80 тұрақты маршрутта күнделікті 947 автобус жолаушыларды тасымалдайды.