Референдумға 177 халықаралық байқаушы қатысады
Бүгін Орталық референдум комиссиясының отырысы өтті, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Отырыста 2024 жылғы 6 қазанға тағайындалған республикалық референдумды дайындау және өткізу мәселелері қаралды. Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров референдумға халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеуді дауыс беру күнінен бес күн бұрын, яғни 30 қыркүйек жергілікті уақыт сағат 18:00-де аяқтағанын жеткізді.
Осы мәселе бойынша орталық рефрендум комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман баяндама жасады.
Барлығы 177 халықаралық байқаушы ресми тіркеуден өтті, олар 30 шет мемлекеттің, оның ішінде 4 ірі халақаралық ұйымның өкілдері. Жалпы алғанда, республикалық референдумды өткізу байқауына 30 шет мемлекеттің өкілдері қатысады, — деді Мұхтар Ерман.
Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенконың сөзінше, референдумға шет мемлекеттердің байқаушыларынан, халықаралық ұйымдар тарапынан үлкен қызығушылық бар.
Сыртқы істер министрлігі жанында тұрақты негізде тіркеуден 162 шетелдік журналист аккредиттелген, яғни 38 БАҚ-тан және 14 елден. Сондай-ақ 200 шетелдік журналист референдумға байқаушы ретінде қатысады, — деді сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко.