Ардагерлер жастардан басым түсті

0 210

Қоғамдық құндылықтарды сақтап, дәстүр-салтымызды насихаттауда ұрпақтар сабақтастығының мәні зор. Бұл өз кезегінде жастар мен ардагерлер арасындағы буынаралық қарым-қатынастықты нығайтып, ұлттың кемел келешегін қалыптастыруға септігін тигізеді. Өңірімізде бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді. Сонын бір дәлелі — Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен шахмат, тоғызқұмалақ, дойбыдан өткен «Ұрпақтар ізімен» атты жарыс өтті, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Халықаралық жастар күні мерекесіне орай «Мейірімділік мекені» жобасы аясында ардагерлер мен жастар арасында өткен жарысқа Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері мен зиялы қауым өкілдері және ерікті жастар қатысты. Қайрат Рысқұлбеков саябағында өткен доданы облыстық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Айбек Кадыралиев ашып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Ақыл мен ой спорты саналатын жарыс командалық есеппен өткізілді. Он бес жұптың ішінен бағы жанғандар финалдық ойында бақ сынап, қорытынды есеп бойынша ардагерлер жастардан басым түсті.

Іс-шара соңында қариялар жастарға деген ақ батасы мен алғыстарын білдірді. Ұйымдастырушылар тарапынан жүлдегерлерге және барлық қатысушыларға дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.