Құпияға толы киелі мекен

0 542

Біз мінген көлік тау ішін тіліп өтетін қара жолмен жоғары қарай орғып келеді. Алдымызда тағы бірнеше жеңіл көлік бірін-бірі қуалап желіп барады. Бағытымыз жер деңгейінен үш жарым мың метр биіктікте орналасқан мәңгі мұздықтар. Шыжыған шілденің күні тау құшағына енген сайын салқын тарта бастаса да, мәшиненің сығырайған әйнегінен түскен күн сәулесінен әлі де болса, бір жылудың лебі сезіледі, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

«Құдайдың құдіретін көргің келсе, тауға бар» демекші, айнала қоршаған биік жартастарға қарап, табиғат анадан асқан құдіреттің жоқ екенін сезесің. Түйе өркештенген жоталар жасыл көрпе жамылып, бірінен соң бірі тізбектеле жайғасыпты. Ирелеңдеген жолмен бір белестен асқанда құдды бір бар әлемнің сырын ішіне бүккен секілді болып сұры сұп-суық жартас төніп келеді де, ізін ала жаздырылып, жазық боп кете барады. Жолды жағалай төмен қарай құлдилаған бұлақ суы сыңғырлап өз әуеніне салып жатса, жағасындағы құраққа қарап тау ауасының балғындығына ессіз сүйінесің. Салқын да саф ауаны құмарың қанғанша мейірлене жұтып, тынысың кеңейіп, бойыңды қандай да бір құдірет күш билейді. Шіркін, кәрі Алтайды ессіз әспеттеген Оралхан Бөкейге шабыт берген осындай құдірет екен ғой, сірә, деген еріксіз ойға қаласың. Осындай ой жетегінде келе жатып, Бүркітсайды артқа тастап келесі бір сайға ойыстық. Анадайда, өзеннің арғы жағасында қатар тігілген үш қазақ үй, жанында қосымша жапсырмасы мен түтіні бұрқыраған сақ моншасына көзіміз түсті. Бұл Меркі ауданында бірнеше жылдан бері туризмді дамытуға атсалысып жүрген Дулат Маратұлы деген азаматтың қоныс тепкен малды ауылы екен.

Біз мінген көліктер көші осы ойдағы ауылға барып тоқтады. Бұл – күн тас төбеге шыққан, шұғыласы шекеңді қыздыратын жайма-шуақ сәт болатын.  Бір топ жігіт заттарды жайғап, қазан-ошағын дайындап, түскі астың қамына кірісіп кеткен. Ас дайын болғанша біз жергілікті жердің қыр-сырын қанық білетін Дулаттың әңгімесіне құлақ түрдік. Ол бізге бұл жердің ауа-райы ерке қыздың мінезі іспетті лезде мың құбылатынын айтып, жиналмалы шатырларымызды жайып, жылдам жайғасып алуымызды өтінді.

Мұнда келген азаматтардың көбі бұл жерге алғаш рет аяқ басып отыр. Сайында сарқырап өзені аққан, жағасын жағалдай қоныс теппкен қазақ үйлер мен жоталарды жағалай жайылған жылқылар, өрге қарай өрлеген отар-отар қойлар, қарап тұрып қазақтың байырғы өмір сүру салты, бабалар мекен еткен киелі өлкенің кеңдігіне, дархандығына дал болып, таң қаласың. Өйткені, бұл қазіргі заманғы, күнделікті біз көріп жүрген қым-қуыт қу тіршілікке мүлде ұқсамайды.

Қазақ халқы ат қою мен атау беруге шебер халық қой. Ондағы айтпағымыз, бізді қызықтырғаны Бүркітұя сайының неге солай аталғаны еді. Оның үстіне, бұл сапардың негізгі жолаушылары журналистер қауымы болғандықтан, бәрімізді қызықтырған бірінші сұрақ осы болды. Сөйтсек, мұндағы биік жартаста ұзақ жылдар бойы қыран құсы ұя салып, балапандарын түлетеді екен. Дулат ағамыздың айтуынша, сол ұядан алынған «Алатау» атты бүркіттің балапаны бұл күнде Дүниежүзілік көшпенділер ойынында топ жарып, бірнеше рет жүлдеге ілініп, ауданмен қатар, еліміздің абыройын әлемге асқақтатқан қыран құс болып жетіліпті. Бұл әңгімені жолай біреуден естісек, сенбес едік, алайда Дулат ағамыз Меркі ауданында ұлттық спорт түрлерінен қаншама шәкірт тәрбиелеп жүрген жаттықтырушы, туризмді насихаттап жүрген белді азамат болған соң, ең қызығы сол сәтте аспан астында қалықтап қанат жайған қыранды көргенде кәміл сендік.

Бүркітұя шатқалынан оңтүстікке қарай көз тіксең, Алатаудың маңғаз шыңдары көрінеді. Бұл ел ішінде «Ледник» деп аталып кеткен, бауырын жыл он екі ай мұзды қар басып жататын «мәңгі мұздықтар мекені».  Бұл мұздықтардан әйгілі Меркі өзені бастау алады. Бұл сапарда көпшіліктің бетке алған басты бағыты да осы болатын. Ондағы мақсат – Алатаудың бөктерінде орналасқан Меркі ауданының тылсымға толы, тарихи жәдігерге бай табиғатын насихаттап, өлкедегі туризмді дамытудың мүмкіндіктерін қарастыру әрі дәріптеу болатын. Бұл бастаманы қолға алған Меркі ауданы әкімдігі еліміз бойынша арнайы БАҚ өкілдерін шақырып, осынау экспедицияға ұйытқы болған жайы бар.

Сонымен, түскі астан соң, керек-жарағы мен түсірілімге қажетті құрылғыларын түгендеген бір топ журналист мұздықтарға аттанды. Ол жаққа көлікпен барудың мүмкіндігі болмағандықтан, төрт шақырым жерді жаяу басып баруға тура келді. Енді ол жақтың сұлулығын сөзбен айтып, қаламмен қағазға түсіріп жеткізу мүмкін емес. Бұған дейін келгендер мұздықтағы қардың тамыз айында құрттайтындығын айтады. Енді бұл ғылыми тұрғыда зерттеуді қажет етсе де, біз мұны өзімізше табиғаттың бір құпия сырына балап қойдық. Әйтпесе, о заманда, бұ заман қар құрттайды дегенге ешкім сенбесі анық. Ортасы жазық, айнала қоршаған шыңдарды шынымен әппақ мұз басқан. Екі шыңның ортасынан қадімгі қазақтың кимешек киген кейуанысының келбетіне еріксіз көзің түседі. Кейуанаға қарап тұрсаң,  осынау сұлу өлке, табиғаты шырайлы, қойнауы бай, құнды жәдігерлерге толы киелі мекен тек қазақтың жері деп тұрған сыңайлы. Әлдекімдер көз сүзбесін деп сонау мұзды шыңнан мұнар шашып, күндіз-түні көз ілместен біздің тілеуімізді тілеп тұрған сияқты.

Әшейінде, Меркі жері табиғаты тамаша, мерейлі өлке деп ауыз айтқанмен, оны шынайы сезінбейді екенбіз. Жол жөнекей өзен-бұлақтарды жағалап,  тау жоталары мен мұздықтарға тірелгенде, осындай сұлулықты неге әлемге әйгілеп, паш етпейміз деген сұрақ сап ете қалады екен. Міне, біздің сапардың басты мақсаты да осы екенін сезіне отырып, бұл жерлерге жетудің оңай еместігін көріп, қарапайым келушілерге жол түсіріп жағдай жасалса деген заңды сұрақтардың мазалағаны да рас. Бұл сұрақтарды біз келесі күні жұмыс тобына қосылған аудан әкімі Жорабек Баубековтан сұрап білдік.

Аудан әкімінің айтуынша, Меркі ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі туризмді дамыту туралы тапсырмасына сәйкес, жүйелі әрі жоспарлы жұмыстар атқарылып жатыр екен. Меркідегі туризмді дамыту – этно, эко және экстремалды туризм бағыттарында қолға алыныпты. Шынында да, Меркі шатқалдарының етегінен бастап, сонау тау төбесіндегі жайлауарға дейін орналасқан киіз үйлер мен демалыс орындарын, этно ауылдарды көріп,  алғашқы бағыт бойынша өлкедегі туризм айтарлықтай дамығанына куә болдық. Жорабек Нұрмергенұлы демалыс күндері таулы аймақтағы демалыс орындарына 2500-3000 аралығында демалушылар көтерілетінін айтады.

Ал эко туризмді дамыту мақсатында өлкенің табиғи келбетін сақтау, адами факторларға жол бермеу жұмыстары қатаң бақылауға алынған. Бұл ретте, аудан әкімінің сөзіне сүйенсек, ауданның таулы аумағындағы орман шаруашылығына қарасты 103 мың гектар алқаптан Ұлттық парк ашу жұмыстары басталып кеткен, қазір құжаттарын рәсімдеу жұмыстары аяқталып қалыпты. Ұлттық парк тыныштық аймағы, шаруашылық аймағы және туристік аймақ сынды үш бөліктен тұрады. 32 мың гектарды құрайтын тыныштық аймағында Қазақстанның қызыл кітабына енген қар барысы, арқар, ұлар сынды және тағы басқа да сирек кездесетін аң-құстардың көбеюіне жағдай жасалады. Шаруашылық аймағына жаз айларында төрт түлігін құмда қыстатқан малшы қауым көтерілетін болса, туристік аймақта этно стильде демалыс орындарын, бизнес нысандарын құруға ниет білдірген инвесторлар мен кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі екен. Алайда, бұл аймақта табиғи ортаны бұзатын ауыр құрылыстарға рұқсат берілмейді.  Дегенмен, табиғат аясындағы туристік нысандарға инвестиция саламын дейтін азаматтарға жер ұзақ мерзімге жалға берілетін көрінеді.

Өткен жылы тамыз айында Меркіде үш күндік республикалық альпинистер фестивалі өткізілді.  Онда республиканың түкпір-түкпірінен келген альпинистер мәңгі мұздықтардағы биіктігі 3 мың метрден асатын төрт шыңды жаңадан бағындырып, оларға жаңа атау берген болатын. Бұл аудан басшылығының Меркідегі экстремалды туризмді дамыту мақсатында қолға алған іс-шаралардың бастамасы еді. Аталған фестиваль дәстүрлі түрде биыл да жалғасын табады екен. Аудан әкімінің айтуынша, Меркінің мәңгі мұздықтарында әлі бағындарылмаған  биіктігі 3 мың метрден асып, 4 мың метрге барып жығылатын 20 шың бар. Осы шыңдарды бағындыру мақсатында альпинистер фестивалін тұрақты түрде ұйымдастырып, соның арқасында туризм және бұқаралық спортты дамыту, насихаттау көзделіпті.

Меркі  жерінің қойнауы құпияға, табиғаты тылсымға толы екенін айттық.  Талай уақыттан бері көпшілікті қызықтырып, сырын шашпай келе жатқан жерлердің бірі – Қарақыстақ үстіртіндегі Көккөл. Елі ішінде Әулиекөл деп те аталады. Экспедицияның үшінші күні жұмыс тобы осынау көлге қарай көш түзеді. Меркі ауылынан бұл көлге дейінгі аралық 150 шақырымды құрайды және оған көтерілетін бірнеше жол бар. Соның ішіндегі ең жақыны – қиындау болса да Қасқасу арқылы баратын төте жол. Биыл аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, аталған жол тегістеліп, Әулиешоқыға дейінгі жол әжептәуір қысқарыпты. Алайда, бұл күні ауа райының жаңбырлы, қолайсыз болуына байланысты, алыстау болса да сенімдірек, Ойранды бағытымен көтерілгенді жөн көрдік.

Әулиекөл жайында бұған дейін аз жазылған жоқ. Десе де әр барған сайын өзіне баурап алатын көлдің құпиясы әлі күнге дейін ашылмай келеді. Біз барғанда Әулиекөл әдетінше, сыр білдірмесе де сақ жатыр. Олай дейтініміз, көлдің зүмірет суы түпсіз көрінеді, айналысында тал-тарақ, бұта көп болса да бетінде бір қылтаң көрінбейді. Ақырын ғана иірімделіп, тербеліп жатыр. Бұл көлге жиі келетін азаматтардың айтуынша, көлге ешқайдан су келіп құймайды және ешқайда ағып та кетпейді. Соған қарамастан, Әулиекөлдің бетінде ешқашан бір қиқым жатқан емес әрі суы бір деңгейден еш көтерілген де емес, түскен де емес.

Ел ішінде онда белгісіз бір мақұлықтың мекендейтіні туралы әпсана таралған. Тіпті, үстінен ұшқан құс та, жағасына жақындаған аң да, су ішуге барған малдың да ғайыптан жоғалып кететіні туралы малшылар арасында жиі айтылады екен. Қалай болған күнде де, ақиқат па әлде аңыз ба, бұл үлкен ғылыми зерттеуді қажет ететін сияқты. Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайтыны секілді, ел ішінде сөздің бекер таралмайтыны белгілі. Бір қызығы, мұнда Әулиекөлмен қатар, Тамырлыкөл, Сарыкөл, Бұзылғанкөл,  Астаукөл деген тағы да төрт көл жатыр. Олардың да суы бір қалыпты, деңгейі өзгермейді. Олардың да ел ішіндегі ауызекі атаулары ғана болмаса, ғылыми тұрғыда зерттелген деп толық айта алмаймыз.

Сонымен қатар Меркі тауларында Қарақыстақтағы 7-8 ғасырларға тұспа-тұс келетін мешіт пен медресенің орындары, Қарақыстақтағы Қошқартас, Қалмаққия, Үлкен Әулиешоқы, Кіші Әулиешоқы, Сандық жайлауларындағы балбал тастар, көне түркілер сыйынған қасқырдың басы бейнесіндегі дүние жүзінің картасы сынды көптеген тарихи жәдігерлерді кездестіруге болады. Біздің міндетіміз бен мақсатымыз осындай сырға тұнған құпия жерлерді жарыққа қайта шығарып, олар туралы ақпаратты қалың жұртқа жеткізу, сол арқылы өлкенің тарихи құндылығын арттырып, туризмін дамытуға үлес қосу болса, ғылыми тұрғыда анық-қанығын анықтап, ақ-қарасын ажырату үш күндік экспедицияның аясына сыймайтын, үлкен ғылыми зерттеулерге сұранып тұрған дүние деп білеміз.