Астанада биыл оқу жылы кеш басталуы мүмкін

0 112

Астана қаласының оқушылары мен студенттері үшін оқу жылының басталу уақыты V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының өткізілуіне байланысты шегерілуі мүмкін, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Вице-министр Серік Жарасбаевтың айтуынша, қазір Оқу-ағарту министрлігімен және Ғылым және жоғары білім министрлігімен келіссөздер жүргізілуде.

«Бұл арада екі нұсқа бар: біз не Қабанбай батыр және Тұран даңғылдарындағы мектептерді онлайн оқыту форматына ауыстырамыз немесе оқу кезеңінің басталу уақытын Астана бойынша шегереміз. Біз мәселені қазір қызу талқылап жатырмыз, келесі аптада нақты шешім қабылдауымыз керек», – деді Серік Жарасбаев.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу кезінде көлік қозғалысы кептелісі болмас үшін спорт нысандарына арнайы шаттл автобустар қатынайтын болады. Сонымен қатар, жарыстың басталу уақыты таңғы 9:00-ден 11:00-ге ауыстырылды.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Астанада 8-13 қыркүйек аралығында өтеді. Бұл — этникалық спорт түрлері бойынша ең ірі халықаралық спорт жарысы.