59 мың азаматтың құқығы қорғалды

0 34

Биыл облыс прокурорлары 59 мың азаматтың жер, еңбек, кәмелетке толмағандар, мүмкіндігі шектеулі адамдар, бизнес пен инвесторлар, қылмыстық қудалау және айыптау бағыттарындағы құқығын қорғады. Бұл туралы облыс прокуроры Нұрғалым ӘБДІРОВ Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында хабарлады, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі Назерке Ғалым.

Мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын қорғау

Осы санаттағы адамдар қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше қамқорлықты талап етеді. Бір жағынан ондай ұстаным қызметімізге және лауазымызға қарамай, барлығымыздың паразымыз болып табылады. Осыған қарамастан кейбір лауазымды тұлғалар мен азаматтар мүгедектігі бар адамдардың әлсіздігін пайдалана отырып, олардың құқықтарын бұзуда. Тек биыл прокурорлар 500-ге жуық мүмкіндігі шектеулі және егде жасқа жеткен адамдардың құқықтарын қорғады. Прокурорлардың араласуынан кейін ол тұлғалар санаториялық емделуге жолданып, тегін протездер беріліп, күтушілер және инватаксимен қамтылды.

Ең сорақысы біз алаяқтардың 1-ші топтағы мүгедек 80 жастан асқан қарт кісінің психикалық және физикалық әлсіздігін пайдаланып, пәтерін заңсыз сатып жібергенін анықтадық. Осыған байланысты прокуратура пәтерді иесіне қайтару үшін сотқа талап қою беріп, күдіктілерге қатысты қылмыстық іс қозғады.

Кәмелетке толмағандарды қорғау

Біздің өңірімізде балалардың қауіпсіздігімен байланысты проблемалардың бар екендігі барлығымызға белгілі. Олар – балалардың арасындағы қылмыскерлік пен суицидтің өсуі, уәкілетті органдар жұмыстарының тиімсіздігі, ата-аналар мен қоғамның балалардың тәрбиесіне көңіл аудармауы, психологиялық көмектің жеткіліксіздігі және басқалар.

Ағымдағы жылғы 5 айда кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстардың саны 22 пайызға (31-ден 38-ге дейін) артты, оларға қатысты қылмыстар 13 пайызға (62-ден 54-ке дейін) төмендеген. Осы орайда балалар қауіпсіздігіне жалпы уәкілетті органдар мен қоғамның жауапты екенін ескере отырып, жұмысымызды мемлекеттік емес ұйымдармен, қоғамның белсенділерімен үйлестірдік. Психологиялық көмекті жетілдіру мақсатында әкімдіктің қолдауымен «Саған көмек» және «Бестерек» жобаларын бастадық. Бұл жобалар балалардың психологиялық көмекке онлайн мессенджерлер арқылы қолжетімдігін арттырды, деді облыс прокуроры.

Жоба шеңберінде 634 мектеп психологының біліктілгі арттырылды. Мысалы, «Саған көмек» жобасы арқылы мектептердің оқушылары облыстың 452 мектебінде орналастырылған арнайы QR кодты сканерлеп, психологтармен анонимдік чаттарға қосыла алады (барлығы 300-ден астам сигнал түсті, оның ішінде 24 буллингтің, 4 суицидтің, 2 бопсалаудың алдын алдық).

Нәтижесінде, суицид жасауға қаупі бар 11 балаға көмек көрсетіліп, олар қалыпты жағдайға қайтарылды. Одан бөлек 25 бала тәрбиелеп отырған 4 жайсыз отбасыға коммуналдық пәтерлер берілді. Мысалы, Шу ауданында 8 жылдан аса тұрғын үйге кезекте тұрған тұрмыстық жағдайы нашар 6 балалы отбасы анықталды. Қабылданған ден қою шаралары бойынша көпбалалы отбасына 3 бөлмелі пәтер берілді. Дәл осындай, қамқорлықсыз қалған жетім балалардың құқықтары назардан тыс қалмады. Меркі ауданында 2 жыл бойы пәтер ала алмай жүрген 4 жетім балаға пәтер беріліп, 3 бала кезекке қойылды, ал Мойынқұм ауданында 6 бала пәтер кезегінің тізіміне енгізілді.

Еңбек заңнамасының сақталуы

Биыл прокурорлардың араласуымен мыңнан аса жұмысшының 281 миллион теңгеге жалақы қарызы өндірілді (қалдықта — 302 жұмысшының 71 миллион теңгесі).

Өз кезегінде, қадағалау барысында өндірістік мекемелерде адамдардың жарақат алу мен жазатайым оқиғаларының жиілеп кеткені алаңдатуда. Оған себептердің бірі жұмыс берушілердің жауаптылықтан жалтаруы деп санаймыз. Атап айтқанда, өңіріміздегі кәсіпорындарда жұмысшылармен еңбек шарттарының орнына қызмет көрсету шарттарын жасасу жағдайлары кездесуде. Қалыптасқан жағдай қауіпсіз еңбекті қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді.

Мысалы, Қордай ауданында жүнді өңдеу цехында қайтыс болған қызметкер үшін жұмыс беруші жауап бермеген. Қылмыстық іс еңбек қатынастарының болмауынан тоқтатылған. Осы әділетсіздікті жою мақсатында прокуратура органдары асыраушысынан айырылған отбасының мүддесіне (әйелі мен 3 баласы) сотқа талап қою беріп, еңбек қатынастарын дәлелдеді. Нәтижесінде кәсіпкерден зардап шеккен отбасыға 3 млн теңге өндірілді, қылмыстық іс қайта жандандырылды.

Болашақта осындай келеңсіз жағдайлар қайталанбас үшін облыс тұрғындарын тек еңбек шартымен жұмыс жасауға шақырамын, деді спикер.

Инвесторлар мен кәсіпкерлікті қорғау

Бизнес пен инвестиция дегеніміз – экономиканың өсуі. Кәсіпкерлер көбінесе мемлекеттік органдардың қысымына шағымданады, бұл жалпы инвестициялық ахуалға әсер етеді.

Бұл бағытта прокуратурада мобильді топтар жұмыс істейді, әр түскен сигнал бойынша кәсіпкерлердің тікелей қатысуымен олардың дәлелдері тексеріледі. Кәсіпкерлердің қызметіне бақылаушы органдардың араласуы мен шектеулері ерекше бақылауда, ол үшін арнайы «Прокурорлық сүзгі» жұмыс істеуде.

Негізсіз тексерулер мен айыппұлдар кәсіпкерлікке кедергі әкелетіні бәрімізге белгілі, сондықтан бақылаушы органдардың жұмысы ерекше зерделенуде. Қабылданған шаралардың арқасында 16 заңсыз жоспарланған тексерудің, салық органдарының 2,5 мыңнан астам хабарламасы мен әкімшілік жауаптылыққа тарту туралы қаулылардың күші жойылды.

Инвесторларды қорғау бағытында жұмыс Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылуда. Жылдың басынан жобалардың құны 494 млрд теңгені құрайтын 14 инвестордың проблемалары шешілді. Мысалы, 100 жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлап отырған қазақ-неміс «КнауфГипсТараз» компаниясына зауыт құрылысын жүргізу үшін қосымша жер учаскесі берілді.

Тағы бір мысал, 2012 жылдан бастап өз жұмысын дұрыс істемей тұрған Шу ауданында орналасқан «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймақтың мәселесі (бұған дейін «Тараз химиялық паркі» деп аталған). Оның себебінің бірі – құрылыс объектілерінің аяқталмауы болып табылады.

Онда келтірілген залалдың сомасы 2 млрд теңгені құрады. Бүгінгі уақытта прокуратураның талабы бойынша 3 жосықсыз медігерден («КАТЭК» ЖШС Консорциумы, «Build Stroi» ЖШС, «ISS Engineering» ЖШС) 278 миллион теңге өндірілді. Қалған сома өндірілуде.

Бұдан бөлек экономикалық аймақта бірнеше жыл бойы іске аспаған жобалар бойынша 81 гектар қайтарылды, ол жаңа инвесторларға жол ашты. Атап айтқанда, инвестиция сомасы 45 млрд теңгені құрайтын кәсіпкер өз жұмысын бастады. (натрий цианидін өндіретін зауыт салуды жоспарлап отырған «Altynalmas Reagents» ЖШС).

Осылайша прокуратураның араласуынан кейін, республика көлемінде ірі арнайы экономикалық аймақтың бірінде инвесторлар жұмысын бастады.

Сонымен қатар прокуратура органдары жергілікті халықтың проблемаларын шешу бойынша үйлестіру жұмыстарын тұрақты жүргізуде. Мысалы, Қордай ауданында 251 пайшысы бар «Ноғайбай Казэксим» серіктестігінің 14 мың гектар бойынша 18 жылға созылған дауы прокуратураның араласуынан кейін өзінің шешімін тапты. Пайшылар ұзақ жылдар бойы сотқа, уәкілетті және құзырлы органдарға 100-ден артық шағым-талаптармен жүгінген. Мәселе шешілмегеннен, олар наразылық акцияларына шығуға дейін барған. Бүгінгі күнде сот шешімімен шаруларға жерлері толық қайтарылды.

Басқа мысал, прокуратураның араласуынан кейін Тараз қаласында 5,5 мың тұрғыны бар аймақтардың электр желілері заңдастырылды (саяжайлар, Аса, Жұма, Шайқорық стансалары). Жамбыл ауданында Бесағаш және Түрксіб ауылдарына 15 мың үйге ауызсу берілді.

Қылмыскерлік пен осы салада азаматтардың құқықтарын қорғау

Қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдарының санасында Тараз қаласының қылмыстық имиджі қалыптасқан. Ол шындыққа жанаспайды. Иә, бізде резонанстық қылмыстар болады, бірақ олар әрқашан халықпен талқыланып, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады, бұл облыс тұрғындарының қылмысқа қарсы күрестегі белсенді ұстанымын көрсетеді.

Соңғы бес жылда облыстағы жағдай түбегейлі өзгерді (2019 ж. – 8712, 2020 ж. – 6197, 2021 ж. – 5667, 2022 ж. – 5042, 2023 – 4326 қылмыс). Құқық бұзушылықтардың саны 2 есеге немесе 8712-ден 4326-ға дейін азайды. Бұл республиканың облыстары арасындағы қылмыстың ең төменгі көрсеткіштерінің бірі (20-ның ішінен 19 орын).

Жағдайды жақсарту элементтерінің бірі – облыс орталығында және өңірдің ірі аудандарында іске асырылып жатқан «Тараз — қауіпсіз қала», «Қауіпсіз — Қордай», «Қауіпсіз — Шу» сияқты жобалар. Жалпы, қабылданған шаралармен қылмыс 12 пайызға (оның ішінде ұрлық 27 пайызға, тонау 23 пайызға, алаяқтық 9 пайызға және адам өлтіру қылмыстары 54 пайызға) төмендеген.

Құқық бұзушылықтардың алдын алумен қатар, біздің басты мақсатымыз – азаматтардың қылмыстық қудалау саласында конституциялық құқықтарының бұзылуына жол бермеу болып табылады. Оның бір мысалы, 2023 жылдан бастап азаптау қылмыстарын тергеп-тексеруді прокуратура органдары жүргізеді. Сол себепті бізбен азаптау мен тергеудің рұқсат етілмеген әдістерінің жолы қатаң кесіледі.

Жүргізілген тексерулер нәтижесінде ағымдағы жылы прокурорлар қылмыстық қудалау органдары ғимараттарында және изоляторларда заңсыз ұсталған 28 адамды босатты. Сондай-ақ пенитенциарлық мекемелер мен қылмыстық қудалау органдарында  үздіксіз бейнебақылау орнатылды. Аталған шаралар азаптауға және тергеудің рұқсат етілмеген әдістеріне шағымдардың санын едәуір азайтуға мүмкіндік берді. Сотталушылардың өз-өзіне зиян келтіру фактілері 66,7 пайызға төмендеді (21-ден 7-ге дейін).

Мемлекеттік айыпты қолдау саласында прокурорлар тек қана айыпты қолдаумен шектелмейді. Керісінше сот үкімдерінің заңға сәйкес болуын қадағалайды, олай болмаған жағдайда өтінішхаттар енгізеді. Ағымдағы жылғы бес айда прокурорлардың өтінішхаттарымен 29 адамға қатысты қылмыстық сот актілері өзгертіліп, заңға сәйкестендірілді, оның ішінде 9 сотталғанның жазалары жеңілдетілді. Бұл жұмыс одан әрі жалғастырылатын болады деп түйіндеді спикер.