Еңбек адамының мәртебесін көтеру – уақыт талабы

0 6

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы көптеген мәселенің мәнісін ашып көрсетіп, жарқын болашаққа жол ашқандай әсер қалдырды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Оның ішінде, нағыз еңбек адамына деген құрметтің де белгісі болатындай ел Президентінің: «Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын… Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан, біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді» – деген тұжырымы ел арасында үлкен қолдау тапқаны рас.

Осы ретте, біз бүгінгі әңгімемізде Елубай Нұрлан Берікұлы басқаратын Меркі аудандағы жетекші шаруашылықтың бірі – «Нұр-Б» шаруа қожалығының шопандары – ерлі-зайыпты Оразқали Жансейіт пен аға шопанның көмекшісі Шәйзанбек Зүбахан турасында алдымен қалам тербегенді жөн көрдік.

Оқырманның түсінуі үшін сәл арыдан бастасақ, отағасы Оразқали Жансейіт 1966 жылы Қытай Халық Республикасының Шұар өлкесінде қазақ жанұясында туған. Сонда үйленіп, еңбек жолын шопандықтан бастаған ол кейінірек ата-баба мекені – Қазақстанға қоныс аударып, Алматы облысының Ескелді ауданы, М.Байсов ауылына тұрақтаған.

2022 жылдың қазан айында отбасымен (2ұлдары бар) бірге ауданға келіп, өте тәжірибелі шопан ретінде мал шаруашылығын дамыту ісіне ден қойды. Мұнда жоғарыда аталған «Нұр-Б» шаруа қожалығымен арнайы келісімшарт жасасып, 600 бас асыл тұқымды Еділбай саулық қойын жалға алды. Міне, жұмыс атқарған 1 жыл, 7 ай ішінде жақсы нәтижелерге жетіп, әр 100 саулықтан 93-тен төл өргізіп, 2,5-3 айлық қозыларының салмағы орташа есеппен 16-18 келі таза ет беріп, сенімді ақтады.

«Нұр-Б» шаруа қожалығында жұмыс жасап, кәсіптен нәсіп тауып отырған келесі жұп – Жұман Қалқаман мен оның жары Мамыр қарындасымыз. Жұман Қалқаман бауырымыз да Қытай елінде 1977 жылы туған. 2022 жылы отбасымен Қазақстанға қоныс аударып, 2024 жылдан бері аталған қожалықта еңбек етеді. Олар 534 бас асыл тұқымды Еділбай саулық қойын жалға алып, биыл 508 төл алды. Олардың әрқайсысының таза ет салмағы 18-20 келіден айналып, жоғары табыс сыйлап отыр.

Міне, «Нұр-Б» қожалығында еңбек еткен аз-кем уақыттың ішінде жоғары табыстарға жетіп, алғысқа бөленген азаматтар жайлы баяндап өттік. Еңбек адамдарын ұлықтау – біздің басты парызымыз болып саналады.

Сөз соңында түйін шешіп, айтпағымыз – кез келген адал еңбектің қаржылық қарымынан басқа, ер атандыратыны да сөзсіз. Осы ретте, «екі қолыма жұмыс жоқ» деп билікті кінәлай патерналистік және масылдық көңіл-күймен жүретін базбіреулер ат тағасын тоздырып, алысқа бармай-ақ, өз өлкемізде жарық күнде жүріп адаспай, ұрты толып, мұрты майланатынын пайымдаса екен. Ойланайық, ағайын!..