Патриоттық рух – ел болашағының негізі
Қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мен жастар арасында әскери-патриоттық тәрбие беру – барша қоғамның ортақ міндеті. Бұл – Отанға деген сүйіспеншілікті оятудағы маңызды бағыттардың бірі. Осыған орай, №22 орта мектепте Меркі аудандық Шекара қызметімен бірлесе отырып, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 33 жылдығы мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Патриот» атты әскери-патриоттық тәрбие айлығының салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Айлық аясында оқушылар түрлі байқаулар мен сайыстарға қатыса отырып, патриоттық бағыттағы бірқатар іс-шараларға белсенді атсалысады. Ашылу салтанатында Мемлекеттік Ту көтеріліп, Қазақстан Республикасының Әнұраны шырқалды.
Іс-шара барысында мектеп директоры Б. Бектұрғанов барша қатысушыларды құттықтап, жас ұрпақтың Отанға деген сүйіспеншілігін арттырып, адамгершілік пен саяси принциптерге адал болуын тәрбиелеудің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары П. Батырбекова, Сарымолдаев ауылдық округінің маманы Б. Құралбай және алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі А. Мауленбеков сөз сөйлеп, оқушыларды аға буынның лайықты жалғастырушысы болуға шақырды.
Шара барысында оқушылар жалпыәскери қорғаныс киімдерін кию, автоматты бөлшектеу және жинау сынды әскери дайындық деңгейлерін көрсетті. Арнайы келген лейтенант Әбілдә Жандос шекара қызметінің негізгі міндеттері мен мемлекеттік шекараны қорғаудың маңыздылығы туралы айтып, кинологтар дайындаған қызметтік иттің жұмысын іс жүзінде көрсетіп берді. Бұл көрініс оқушыларға ерекше әсер қалдырды.
Мерекелік шара соңында, патриоттық тәрбие бағытындағы қолдауы үшін Меркі аудандық Шекара қызметіне мектеп әкімшілігі атынан Алғысхат пен сыйлық табысталды.