Әрбір азаматтың қасиетті борышы
Отанды қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы. Әскер – бұл өмір мектебі, оны әрбір жас жігіт өтуі тиіс. Қазақстан Қарулы Күштерінде бір жылдық мерзімді әскери қызметін абыроймен аяқтаған сарбаздарды үйлеріне шығарып салу рәсімдері басталды. Ең алғашқылардың бірі болып өз жауынгерлерін үйге аттандырған бөлім – «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты Бауыржан Момышұлы атындағы бесінші механикаландырылған бригада, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Мерзімді әскери қызметін өткеріп болған сарбаздарды шығарып салуға арналған салтанатты іс-шараға бригадаға ауған соғысының ардагерлері – аға буын сарбаздары шақырылды. Олар бригада басшылығымен бірге қызметін абыроймен аяқтаған жауынгерлерді құттықтады.
– Сіздер әрқашан осы бір жылдық мерзімді қызмет кезеңін еске алып жүресіздер деп сенемін, – деді бригада штабының бастығы, подполковник Арман Сабыров. – Бұл бір жыл ішінде сіздер шыңдалдыңыздар, күш жинап, есеюдің жаңа сатысынан өттіңіздер, әскери мамандықтарды меңгеріп, нағыз Отан қорғаушыларға айналдыңыздар. Сіздердің үлгілі қызметтеріңіздің және жоғары әскери тәртіптеріңіздің арқасында бригадамыз бірқатар оқу-жаттығуларды сәтті өткізді. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш.
Сарбаздарды алғысхаттармен, грамоталармен және естелік сыйлықтармен марапаттау рәсімі жауынгерлік тумен қоштасу әскери дәстүрімен жалғасты. Тудың алдында тізе бүгу – сарбаздар үшін оның қасиеттілігін, елдік пен ерліктің нышаны екенін білдіреді. Ол ту сарбаздарды барлық оқу-жаттығуларда бірге алып жүрді.
– Бір жыл көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Бастапқыда, шынымызды айтсақ, қорқыныш болды. Бірақ, көп ұзамай бәрі сейілді. Бізге деген жақсы көзқарас, ұйымшыл ұжым, сонымен қатар, жыл бойы тек жауынгерлік дайындықпен шұғылданғанымыз бұл үрейді жойды, – дейді мерзімді қызмет сарбаздары, Шығыс Қазақстан облысынан келген Жанар Далабай мен Андрей Сташко. – Әскер бізді көп нәрсеге үйретті. Біз тәртіп пен жауапкершілікті түсіндік.
– Бір жылда көп дүниені меңгердік, есейдік, шынайы достар таптық, – деп толықтырды Алматы қаласынан келген ефрейтор Мадияр Ахмет пен қатардағы жауынгер Рауан Манатханов.
Сарбаздарды шығарып салған бөлім басшылығы мен ауған соғысы ардагерлері оларға азаматтық өмірде сәтті бейімделу мен табыс тіледі.
Бұл сарбаздар үшін әскердегі кезең аяқталды, бірақ олардың өмірінде жаңа тарау басталмақ. Бірі – ҰБТ-сыз, мемлекеттік грант арқылы жоғары оқу орнына түспек. Бірі – бұрынғы жұмысына оралады. Тағы бірі – болашағына байланысты жаңа шешім қабылдамақ. Бірақ, бір нәрсе анық: енді олар атқарылған борыштың рухымен болашаққа нық сеніммен қадам баса алады.