Басты жаңалықтарҚоғамСпорт

Жеңілістен кейін жеңіліс…

Төрткүл әлем көз тіккен төртжылдықтың басты додасы – Токио ­Олимпиадасының нәтижелері  қазақ спортшылары үшін көңіл көншітпей тұр. Әзірге ел қоржынына үш қоладан басқа медаль түспеді. Спортшыларымыздың жеңіліс сериясы жалғасуда.

Үкілеген үмітіміз – боксшыларымыз еді. Серік Теміржанов (57 келі), Абылайхан Жүсіпов (69 келі), Әбілхан Аманқұл (75 келі), Бекзат Нұрдәулетов (81 келі), Василий Левит (91 келі) қарсыласына есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды. 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Әбілхан Аманқұл Токио төріндегі алғашқы жекпе-жегін тура өзінің туған күнінде  өткізіп, өзбекстандық Фанат Кахрамоновты нокдаунмен жеңгенде бір желпініп қалған едік. Өкінішке қарай ширек финалда бразилиялық Эберт Консейсан Соузадан 2:3 есебімен жеңіліп қалып ол да жерге қаратты.

Ендігі бар үмітіміз – Олимпиаданың ашылу салтанатында еліміздің Туын көтеріп шыққан, бокстан Қазақстан командасының капитаны, 91 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Қамшыбек Қоңқабаев, 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Сәкен Бибосынов және 63 келі салмақ дәрежесі бойынша өнер көрсетіп жүрген Закир Сафиуллин. Қамшыбек 1/8 айналымда Мысыр елінің өкілі Есри Мұстафаны, 1/4 айналымда ресейлік Иван Верясовті ұтты. Сәкен 1/8 финалында әлем чемпионатының қола жүлдегері франциялық Билал Беннамды тізе бүктірді. Қазақстандық спортшы енді жартылай финалға жолдама алу үшін Еуропа чемпионы испаниялық Габриэль Маскунано Эскобармен жұдырықтасатын болады. Ал Закир Сафиуллин ширек финалға автоматты түрде шықты. Қарсыласы жапониялық Дайсукэ Наримацу жарақат алып қалуына байланысты рингке шыққан жоқ. Ширек финалда Сафиуллин аустралиялық Гари Гарсайдпен кездеседі.

Қазақстан грек-рим күресінен Олимпиада ойындарына үш жолдама жеңіп алған еді. 60 келіде Мейрамбек Айнағұлов, 77 келіде Демеу Жадыраев қатысып, алғашқы айналымда жеңіліс тапты. Бүгін 87 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Нұрсұлтан Тұрсынов күресетін болады.

Тағы бір өкінішті жаңалық – жартылай финалға дейін қарсылас шақ келтірмей жеткен еліміздің бірінші теннисшісі Елена Рыбакина әлемдік рейтингте 12-орында тұрған швейцариялық Белинда Бенчичтен, одан кейін қола үшін тартыста Элина Свитолинадан (Украина) жеңіліп, Олимпиада жүлдесінен үміт үзді.

Жеңіл атлетикадан үш қарғып секіру спортының өкілі, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова да ең үздік мүмкіндігінде 13,69 метрге секіріп, финалға өте алмады.

Садақ атудан Қазақстан командасының мүшесі Ильфат Абдуллин Токио Олимпиадасындағы жекелей сында жақсы нәтижемен көзге түсті. Ол жүлдеге ілікпесе де, ел тарихында алғаш рет садақ атудан Олимпиада ойындарының 1/8 айналымында бақ сынады. Ильфаттың бұл қадамын жанкүйерлер мен мамандар жоғары бағалап отыр. Жекелей сында ол бірінші кезеңде ұлыбританиялық Джеймс Вудгейдті, екінші айналымда нидерландтық Стив Виджлерді ұтты. Үшінші айналымда әлемдік жарыстарда жүлде алып жүрген қытайлық Ли Джуа Лунмен кездесіп, тартысты ойын өрнегін көрсетіп, қосымша уақытта 5:6 есебімен қарсыласқа жол берді. «Бұл жарыс мен үшін үлкен тәжірибе болды. Осы жарыста не жетпейді, қай жерден қате жіберетінімді бәрін тексеріп алдым. Енді алдымызда әлем чемпионаты күтіп тұр. Сонда мақсатыма жетуге тырысамын», – деді Ильфат Olympic.kz сайтына берген сұхбатында. Журналист Әйгерім Тоқсанбектің жазуынша, Ильфат жақында әкесі өмірден озса да, бар күшін жинап, Олимпиадаға келген.

Көбірек көрсету

Өзгеде жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Ұқсас мақалалар

Close
Close