АуданБасты жаңалықтарҚоғам

Меркі ауданы әкімі жастармен кездесті

Өткен аптада, аудан әкімдігінде, аудан әкімі Руслан Нұрсипатовтың «Ел тірегі – жастар» тақырыбында аудан жастарымен кездесуі болып өтті, – деп хабарлайды “Aulieatanews” ақпараттық агенттігі.

Аталған кездесуге аудандық мәслихаттың хатшысы Мұратбек Көкірекбаев, аудан әкімінің орынбасары Берік Бегалиев, сонымен қатар, «Жастар ресурстық орталығының» директоры Ерболат Дүйсенқұл бастаған ауданның ерікті және белсенді жастары қатысты.

Кездесу ашық, еркін форматта өткізіліп, Руслан Маратұлы жастармен келелі сұхбат өткізді. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», – демекші, еңбек етпей жай жүрсең, онда ол дұрыс болмайды. Сондықтан, мемлекет боламыз десек, ел боламыз десек, құрметті жастар, сіздер елмен жұмыс жасауларыңыз керек. Сіздер – еліміздің ертеңгі болашағысыздар. Біз сіздерге үміт артамыз», – деген Руслан Маратұлы еліміздегі ұлтаралық татулықты сақтау, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар, оның ішінде, әсіресе, жастарға беріліп жатқан түрлі қолдаулар, шағын және орта бизнесті дамыту мен кәсіпкерлікті қолдау мақсатында беріліп жатқан қайтарымсыз гранттар және т.б. жөнінде кеңінен әңгіме өрбітіп, жастарға деген ақыл-кеңестерін айтты.

Кездесу барысында аудандағы жас кәсіпкерлер, спортшы жастар және тағы басқа да жас болғанына қарамастан, қызмет істеп, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлестерін қосып жүрген бірқатар жастар сөз алып, өздерінің ұсыныс-өтініштерін ортаға салды. Мысалы, Андас батыр ауылының тұрғыны, қазақ күресінен «Меркі барысы» турнирінің жеңімпазы, дзюдодан екі дүркін ел чемпионы атанған Жамбыл Тұрғыналиев өзінің туған ауылына мәдениет үйі мен спорт кешені қажеттігі жөнінде өтініш білдірсе, №20 мектептің директоры Нұрдәулет Мырзаханов Сарымолдаев көшесінің бойынан немесе Меркі ауылының ішінен көп қабатты тұрғын үй бой көтеріп, пәтер ретінде берілсе, көптеген жастар мен жас отбасылардың мәселесі шешілер еді деген ұсынысын айтты. Ал, «Мейірім Меркі» сауықтыру орталығының директоры Теміржан Ізтілеуов аталған орталықта көрсетілетін медициналық қызметтер жөнінде таныстырып, алдағы уақытта да халықты сапалы медициналық қызметпен қамту барысы туралы әңгімеледі.

Өткен жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Еріктілер жылы» белгіленіп, жалпы еліміздегі сияқты ауданымызда да ерікті жастардың бастамасымен қыруар шаруалар атқарылды. Әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға және жалғызбасты қарияларға еріктілер тарапынан азық-түліктер таратылып, үй жұмыстарына тұрақты түрде көмек көрсетілді. Осындай жұмыстардың басы-қасында жүріп, жастарды ұйымдастырып жүрген ерікті жастардың бірі, әзірбайжан этно-мәдени бірлестігінің өкілі Рузвана Ағакерим. Ол өзі бастаған жастардың атқарған жұмыстары туралы есеп беріп, осы мақсатта жұмыстарды жалғастыру үшін аудан әкімінен көлік мәселесіне қолдау көрсетуін сұрады. Сол сияқты, әртүрлі салаларда ауданымыздың өркендеуі мен гүлденуі жолында еңбек етіп жүрген тағы бірқатар жастар өздерінің ой-пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі жастар көтерген мәселелер мен сұрақтардың бәрі аудан басшылығының бақылауында тұрғанын жеткізіп, жастарға нақты жауаптарын берді. Сондай-ақ, Руслан Маратұлы аудан көлемінде, білімді де, білікті, жауапкершілігі мол іскер жастардан «Аудандық жастар резервін» құру жөнінде өзінің ұсынысын айтып, жастар жетекшісі Ерболат Жамбылұлына жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында жанды жұмыс жүргізуді жалғастыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Көбірек көрсету

Өзгеде жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close