АуданБасты жаңалықтарҚоғам

Боздақтар есімі ұмытылмайды

Иә, Ұлы Жеңіске – 76 жыл. Осыдан 80 жыл бұрын басталған қанқұйлы соғысқа елімізден 1 млн. 200 мың азамат аттанса, оның 601 мыңы майданнан оралған жоқ. 4 жылға созылған осы соғыста 100 мыңнан астам қазақ жерінің түлегі әртүрлі ерліктері үшін тиісті орден-медальдармен марапатталған, – деп хабарлайды “Aulieatanews” ақпараттық агенттігі.

Ал, біздің ауданнан көкірегіне от, жүрегіне шоқ, қорамсабына оқ біткен 12 мыңға жуық азамат майданға алынса, оның 4 мыңнан астамы ұрыс даласында опат болды. Бұл күндері соғыстан аман-есен оралып, арша бесіктен абыздыққа дейін жеткен 6 жерлес майдангеріміз ғана арамызда жүр.

Міне, оңайлықпен келмеген Ұлы Жеңістің 76 жылдығы кезінде әлемдік пандемияның пердесі әлі де болса толық ашылмағанымен, 9-мамыр – Жеңіс күні аудан орталығындағы Даңқ мемориалында, қоғамдық негізде, елге оралмаған боздақтарды еске алып, гүл шоқтарын қою рәсімі болып өтті (суреттерде).

Аудандық Қорғаныс істері жөніндегі және 11971 әскери бөлімінің жеке құрамы, АПБ мен Ауған соғысы ардагерлері, аудандық ардагерлер және қоғамдық кеңестің төрағалары, тиісінше, Қ.Иманалиев пен С.Құралбай, белгілі ақын Ш.Мамасерікова, сонымен қатар, бірқатар аудан тұрғындары қатысқан іс-шарада аталған азаматтар сөз алып, соғыс салған жараның жазылмасына тоқталып, бүгінгі Тәуелсіздік пен бейбіт күндердің бағасын білуге шақырды.

Соңғы жылдардағы нақты саналатын цифрларға сүйенсек, 1418 күн мен түнге созылған соғыстың әр минутында 13 адам опат болып отырған. Сонда барлығы 27 млн. боздақтың әрқайсысына 1 минут үнсіздік жарияласақ, оған 52 жыл уақытымыз кетеді екен. Иә, бұлар статистика. Дегенмен, әр санның артында адам тағдыры, яғни, біздің жат жерде мәңгі қалған әке-аталарымыздың мәңгі өшпес рухы жатыр. Осы Даңқ мемориалында жарияланған 1 минут үнсіздік те туған жердің топырағы бұйырмаған сол боздақтарға арналған еді…

Көбірек көрсету

Өзгеде жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close