АуданБасты жаңалықтар

Алуа жеткен жетістіктер

Ағымдағы жылдың сәуір айында Біріккен Араб әмірліктерінің Дубай қаласында қол күресінен Әлем кубогы жарысы өткізілген еді. Аталмыш турнирге жерлесіміз, №22 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спортшысы Алуа Бакаева қатысып, бірінші орынды иеленді, – деп хабарлайды “Aulieatanews” ақпараттық агенттігі.

Бейсенбі күні аудан әкімдігінде Әлем кубогының иегері Алуа Бокаеваны аудан әкімінің орынбасары Берік Бегалиев қабылдап, өзінің Құттықтау хатын табыстады. Кездесу барысында Берік Дүйсенбайұлы Алуаның бұл жетістігі тек ауданымыз үшін ғана емес, жалпы еліміз үшін де үлкен мақтаныш екенін айтты. Аймақтық, республикалық додаларда топ жарып, одан әрі ел намысын әлемдік ареналарда абыроймен қорғау – бұл нағыз мықтыларға ғана тән қасиет екенін жеткізіп, чемпионға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, Алуаның осындай биік белестерді бағындыруына жол көрсетіп, жігерін қайрап жүрген жаттықтырушысы Аман Садықовқа және спортшыға демеушілік жасаған «Алем Инвест строй» ЖШС-нің директоры Ерлік Тулеевке аудан әкімі Руслан Нұрсипатовтың және өзінің атынан алғыс айтты.

Осы орайда, спорт шебері Алуаның бұған дейін қол жеткізген жетістіктері жайлы да айтып өткеніміз абзал болар. Спортшы қызымыз 2018 жылы Қызылорда қаласында өткен Қазақстан Республикасының кубогінде 1-орынды жеңіп алған болса, сол жылы Бурабай қаласында өткен Азия біріншілігінде 2-орынды иеленіп, жүлдегерлер қатарынан көрінген еді. Алуаның жеңісті жолы 2019 жылы да жалғасын тапты. Алматы қаласында өткен Республика чемпионатында 2-орынға тұрақтаса, Азия кубогінде 1-орынды иеленіп жеңімпаз атанды. Енді, міне, жеңістен тек қана жігерленетін Алуа Әлем кубогын бағындырып, Көк Туымызды әлем көгінде желбіретті.

Қазіргі таңда Алуа маусым айында, Ташкент қаласында өтетін Азия чемпионатына және Грузия елінде болатын әлем біріншілігіне қызу дайындық үстінде. Сәті келгенде, біз де Алуаны үлкен жеңістерімен құттықтай отырып, алдағы ауқымды додаларда сәтті өнер көрсетуіне тілектестік білдіреміз.

Көбірек көрсету

Өзгеде жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close