АуданБасты жаңалықтар

Мамыр мерекесі – бейбіт елдің бойтұмары

Ел Тәуелсіздігі тарихының жылнамасына еніп, ширек ғасырдан бері тойланып келе жатқан 1-мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі татулық пен ынтымағы жарасым тапқан Меркі жерінде де өз деңгейінде аталып өтті, – деп хабарлайды “Aulieatanews” ақпараттық агенттігі.

Тақырыпқа сай билборд тақта орнатылған аудандық Мәдениет үйінің алды таң азанмен береке мен бірліктің, келісім мен татулықтың шынайы көрінісін паш еткендей. Жүзі басқа болса да жүрегі бір, тілі басқа болса да тілегі бір дегендей, аудан жұртшылығының бүгінгі белсенділігі олардың жұмылған жұдырық болып, мамыр мерекесін бірге тойлауға жиналғанын білдіреді.

Аталған қара шаңырақтың фойесіне енгеніміз де сол еді, мұнда түрлі этнос өкілдерінің ауызбен айтып жеткізу қиынға соғатындай қайталанбас әсем ұлттық салт-дәстүрлерін алақанға салып, сұлу өнердің салмақты сырларынан сыр шертетін тұғыры биік туындыларына кезіктік.

Бірден айта кеткеніміз абзал сияқты, Айдын Бәзілов басқаратын аудандық мұражай ұжымының жалғыз өзі-ақ Алаш елінің ертегіге бергісіз өткені мен заманауи кезеңмен астарласа жататын ұлттық құндылықтарының түр-түрін ел алдына жайып салған тамаша көрмесін ұйымдастыра алыпты. Қазақылығымызды қалпына келтіргендей әсер қалдырған бұл көрме арқылы ұлтымыздың салт- дәстүрі мен өнерінен ажырамау керектігін ұғындық.

Аудандық этномәдени орталықтардың ұлттық нақыштағы көрмелері де көз жауын алады (суретте). Мұндағы өзбек, түрік, ұйғыр, орыс және әзірбайжан ағайындардың мерекенің мәнді болуы үшін әзірлеп, өздерінің бай тарихтарынан хабар беретін түрлі қолөнерлік бұйымдары мен ұлттық ас мәзірлері де көпшіліктің көңілінен шыға білді.

Міне, аудан әкімі Руслан Нұрсипатов бастаған аудан әкімінің орынбасары Берік Бегалиев, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Күлайым Шағатаева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қамбарбек Иманалиевтер аталған көрмені көрмек үшін бас сұққаны сол екен, аудандық Мәдениет үйінің ұлт-аспаптар ансамблінің мүшелері қазақы әсем әуенге салып, қонақтарды қарсы алу рәсімін жасады.

Одан кейін көрме жұмысымен танысқан аудан басшысы Руслан Маратұлы халықты жақындататын мұндай іс-шаралар тек мереке күндерінде ғана емес, жиі өтуі керектігін, сонда ғана татулықты тілейтін біртұтас ел екеніміз алыстан көрініп, әсіресе, жастарға деген тәлім-тәрбие еш босаңсымайтынын жеткізді.

Келесі кезекте татулық пен келісімге дәлел болатындай достықтың айқын көрінісі аудандық Мәдениет үйінің залында өткен «Қазақстан – достық мекені» атты мерекелік іс-шараға ұласты.

Иә, ел егемендігімен қатар жаңа сипатқа ие болған 1-мамыр мерекесін бейбіт елдің бойтұмары десек болады. Бүгінде Меркі өңірінде 30 түрлі ұлт пен этнос өкілдері аудан экономикасын алға сүйреп, бір шаңырақ астында өмір сүруде. Міне, сахна төріне шығып, аудан жұртшылығын 1-мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтауын аудан әкімі Руслан Нұрсипатов тап осы сөздермен бастап, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңына сәйкес келген мереке елдің ырысы мен табысын арттыра беруін тіледі.

Өңір басшысынан кейін сөз алған славян этномәдени орталығының жетекшісі Анна Ландик, аудан ардагерлерінің басшысы Қамбарбек Иманалиев, ардагер-ұстаз Базаркүл Әлмейізова мен әзірбайжан этномәдени орталығының жетекшісі Гүлаға Джамаловтар да бұл күн ел бірлігін берекеге ұластыратын басты мерекелердің бірі бола беруін тілесті.

Бүгінгі шаттық сыйлаған жиынның келесі сәті аудандық Мәдениет үйінің шығармашыл ұжымы ұйымдастырған мерекелік концертпен одан әрі жалғасын тауып жатты.

Көбірек көрсету

Өзгеде жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close