АуданБасты жаңалықтарҚоғам

Көшпелі қоғамдық қабылдау өтті

Жақында,  «Сарымолдаев» бастауыш партия ұйымының кеңсесінде «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Ибраймова Үміт Серікқызы көшпелі қоғамдық қабылдау өткізді, – деп хабарлайды “Aulieatanews” ақпараттық агенттігі.

Қоғамдық қабылдауға аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Райқұл Нұржанов, «Халықты жұмыспен қамту орталығының» директоры Ербол Дүйсебаев, аудан әкімдігінің ТҮКШ және АЖ бөлімінің басшысы Қайрат Арғымбаев, «Сарымолдаев» бастауыш партия ұйымының төрайымы Үрияхан Мамикова, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Нұржан Шойбеков, партияның аудандық филиалы есеп және статистика секторының меңгерушісі Мәлік Нұрланов және т.б. қатысты.

Тұрғындардың өтініш-тілектерін аса мұқияттылықпен тыңдаған Үміт Серікқызы олардың мәселелерін жоғарыда аталған тиісті мекемелердің басшыларының алдына қойып, бірлесе отырып талқылады.

Алғашқы болып қайырылған Қостоған ауылының тұрғыны Мұхтар Лесбекұлы 2009 жылдан бері ұстамалы аурумен ауыруына байланысты, мүгедектік санатына шығып, жәрдемақы алу жөнінде сауалдарын жолдады. Ол Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына барып, жеке емханаларда түрлі ем қабылдапты, әйтсе де, ешқандай әсері болмаған. Алайда, ол жергілікті ауруханаға барып, денсаулық жағдайына байланысты қайырылмаған. Мұхтардың мән-жайына қанық болған бас дәрігер Райқұл Бестайұлы оның өтініші толықтай зерделенетінін, мүгедектік санатына шығу үшін тиісті құжаттар қажет екенін айтты. Барлығы талапқа сай болған жағдайда міндетті түрде шара қолданылып, барлық рәсімдеу жұмыстары заңдылықтар аясында орындалатынын және бұл мәселе жеке өзінің бақылауында болатынын жеткізді. Азаматтың байланыс нөмірін арнайы жазып алған Үміт Серікқызы да мәселе жеке өзінің бақылауында болатынын айтты.

Одан кейін, Меркі ауылының тұрғыны, төрт баланың әкесі Ахмет Борисович халыққа мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдау мақсатында беріліп жатқан қайтарымсыз грантты алу үшін қандай талаптарды орындау керектігін сұрады. Ол жұмыссыз болғандықтан, аталмыш грантқа қол жеткізіп, мал шаруашылығымен, оның ішінде, қой өсіргісі келетінін алға тартты. Осы мәселемен тікелей айналысатын мекемелердің басшылары Нұржан Шойбеков пен Ербол Дүйсебаев Ахметке тиісті нұсқаулықтар беріп, грант алу үшін өтініш берушіге қойылатын талаптарды және қысқа мерзімді оқулар, оның ішіндегі мамандықтардың түрлері туралы түсіндіріп, бағыт бағдар берді. Сондай-ақ, қандай кәсіптердің өнімділігі жоғары болатыны жайында ақыл-кеңестерін беріп, грант алған жағдайда, оның жұмыссыздар санатынан шығарылып, атаулы әлеуметтік көмектің тоқтатылатынын да ескертті. Дәл осындай сауалмен қабылдауда болған Сарымолдаев ауылының тұрғыны Қуаныш Шаймерденұлына да жоғарыда айтылғандай жауаптар берілді.

«Өркен балалар шығармашылығын дамыту орталығының» мұғалімі Арыстанбек Алтынбекұлы тұрғын үй мәселесін көтерді. Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Қайрат Арғымбаевтың айтуынша, ауданымызда қазіргі уақытта тұрғын үй кезегінде тұрған 700 адам бар. Мемлекеттік бағдарламалардың аясында тұрғын үйлер арнайы санаттар бойынша беріледі. Басты талап, өтініш берушінің табыс көлемі жеткілікті болуы керек. Солардың ішінде, «Шаңырақ» бағдарламасы 13 санатты қамтыса, аталған бағдарлама бойынша Арыстанбекке қызметші ретінде халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы кезекке тұруға болады екен.

Қоғамдық қабылдаудан кейін газетіміздің тілшісіне сұхбат берген Үміт Серікқызы: «Бүгін қабылдауда болған азаматтардың мәселелері жеке өзімнің бақылауымда болады. Біз оларға бүгінгі жолдаған сауалдары бойынша заң аясында жауап беріп, мәселелерін шешу жолдарын қарастырамыз. Сондықтан да, осы қоғамдық қабылдауға тиісті мекемелердің басшылары шақырылып отыр. Олар осы сұрақтар бойынша жұмыс істейтін болады. Жалпы, бұндай қоғамдық қабылдау барлық ауданда жылына екі мәрте өткізіледі. Ондағы мақсатымыз – «Nur Otan» партиясы осындай іс-шаралар арқылы халық пен биліктің ортасына алтын көпір болып, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешуді көздейді. Тұрғындардың тілектеріне құлақ аса отырып, олардың мәселелерін назарға алу, сондай-ақ, мемлекет тарапынан халыққа көрсетіліп жатқан қолдаулар туралы тиімді ақпараттар беру болып табылады», – деп атап өтті.

Көбірек көрсету

Өзгеде жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Ұқсас мақалалар

Close
Close