Басты жаңалықтарҚоғамОблысӨзектіСаясатЭкономика

Демалыс аймақтарының «екінші өмірі» басталады

Тараз қаласында жаз маусымында тұрғындар мен қонақтардың табиғат аясында серуендеп, балаларын ойнатып, шомылып қайтуларына арналған жағажай сияқты іргелі демалыс аймақтары көп емес. Сондықтан да «Зербұлақ» пен «Үшбұлақ» су айдындарының маңызы артып тұр. Олардың жағалауындағы атракциондар паркінің басты артықшылығы – су қоймаларына жақын орналасуында. Дегенмен бүгінде бұл демалыс орындарына келушілер аз.

Кеңес заманында қала орталығында орналасқан «Комсомол» көлі жамбылдықтардың сүйікті демалыс орнындарының бірі болатын. Алайда уақыт өте тозығы жетіп, қараусыз қалды. Бертінде атауы «Зербұлақ» деп өзгертіліп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгенімен жағдайы жақсарып кете қоймады.

Енді «Зербұлақты» заманауи демалыс аймағына айналдыру ісін «South holiday» ЖШС-ы қолға алмақ. Жобаның бас мердігері 1,5 миллиард теңге салып, осы аумақтан жайлы және әртүрлі бағыттағы демалыс аймағын ашпақ. Жоба әлеуметтік бағытта іске асады, келушілер мейрамхана мен үш бассейн орналасқан нысанға ғана ақылы негізде кіретін болады. Басқасы тегін болмақ. Жалпы кешен төрт аймақтан тұрады. Онда көлдің тамаша жағажайы, қайықтар мен катамарандарды жалға беруге арналған орын, көрінісі тамаша пирспен қамтылған орталық аллея және жақын жерде орналасқан спорт алаңшалары, арнайы балық аулау аймағы да қарастырылған. Сондай-ақ балалар алаңдары, қарттар үшін демалыс орындары ашылып, сәкілер орналастырылады.

Жоба 2023 жылдың екінші тоқсанында толық аяқталады деп күтілуде. Мердігер бірінші кезеңде көлді тазартумен айналысады, оның түбін арнайы геомембранамен қаптап, тас төсемек. Жағажайға таза құм әкелініп, субұрқақтар орнатылады. Сондай-ақ орталық аллея толық абаттандырылып, түрлі бағалы ағаш көшеттері отырғызылады.

Жобамен танысқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс кестесінің орындалуын қадағалауды Тараз қаласы әкімдігіне жүктеді. Құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында табиғатқа зиян келмеуіне баса көңіл бөлу қажеттігін ескертті.

«Жеңіс» саябағына іргелес орналасқан «Үшбұлақ» жағалауындағы аттракциондар паркіне де қала тұрғындарынан аса көп сұраныс болмады. Жаңа жоба бойынша саябақ балаларға арналған, отбасылық және экстремалды болып үш аймаққа бөлінеді, әрқайсысы өзіндік аттракциондар жиынтығымен қамтылады. Әсіресе айналмалы шолу аттракционы айрықша сұранысқа ие болады деп күтілуде. Ондағы әр кабинка кондиционермен жабдықталады. Америкалық тау үлгілері, әйгілі екі қабатты Лондон автобусының шағын көшірмесі, картинг алаңы, роллердром, теміржол, велосипед трассасы, барлық жастағыларға арналған басқа да қызықты құрылғылар орнатылатын болады.

Жұмысты тездетіп бастауды тапсырған облыс әкімі аттракциондардың бір бөлігі Халықаралық балалар күніне дейін іске қосуылуы тиіс екендігін баса айтты.

Aulieatanews.kz

 

Көбірек көрсету

Өзгеде жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Ұқсас мақалалар

Close
Close