Басты жаңалықтарҚоғамОблысӨзекті

«Парасат жолы» орталығының өкілдерімен кездесті

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев республикалық «Парасат жолы» орталығының басшысы, жазушы, қоғам қайраткері Сәдібек Түгел және  ҚР  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кеңесшісі Жазира Жылқышиевамен кездесті, – деп хабарлайды “Aulieatanews” Ақпараттық агенттігі.

«Парасат жолы» жобасы –  адалдық, әділдік, парасаттылық, сондай-ақ қоғамда ұлттық мәдениет пен рухани құндылықтарды ілгерілетуді көздейтін бастаманың бірі. Былтыр тамыз айында Антикор Ұлттық академиялық кітапхана базасында шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдерімен тікелей эфирлер өткізіп, онда адалдық, әділдік және парасаттылық қағидаттары талқыланғаны белгілі. Содан кейін парасаттылық идеологиясын насихаттау мен ілгерілетудің маңыздылығын ескере отырып, кітапханалар базасында “Парасат жолы” филиалдарын жаппай ашып, елордалық тәжірибені еліміздің барлық өңірлеріне тарату туралы шешім қабылданған болатын. Бүгінде жобаның өкілдері республиканың барлық өңірлерін аралап жүр. Бұған дейін батыс өңірлерінде болған олар Жамбыл облысынан кейін Түркістанға бармақ.

Кездесу барысында Бердібек Сапарбаев Антикордың бастамасымен қолға алынған «Парасат жолы» жобасының маңыздылығына тоқталып, қоғамда парасаттылық, адалдық қағидаттарын қалыптастыру қажеттігін, бастамаға кітапханалар да үлес қосуы тиіс екенін атап өтті. Жоба шығармашылық жандарды бір арнаға тоғыстырды. Бұл қатарда еліміздің түкпір-түкпіріндегі жазушылар, ақындар, білім және ғылым қайраткерлері бар.

– Билік пен қоғам тығыз жұмыс істеуі керек. Пандемияға қарамастан өмір жалғасып жатыр. Халық арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыру бағытында түсіндірме жұмыстары мен іс-шаралар жүргізілуі тиіс. Әрине, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып қана. Біздің күшіміз – мәдениетіміз бен руханиятымызда, салт-дәстүрімізде, – деп атап өтті облыс әкімі.

Сәдібек Түгел жобаны жүзеге асыруға кітапхана қызметкерлері ғана емес, ғалымдар, жазушылар, ақындар, теологтар, дін өкілдері де тартылатынын атап өтті. Кездесу соңында Жазира Жылқышиева облыс әкіміне «Парасат жолы» жобасының альбомын сыйға тартты.

Көбірек көрсету

Өзгеде жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close