Басты жаңалықтарҚоғамОблысӨзекті

Таразда Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовқа арналған ескерткіштің іргетасы қаланды

Ағымдағы жылдың 3 сәуірінде аты аңызға айналған, өрлігі мен ерлігі жүрегімізде мәңгі сақталған полиция капитаны Ғазиз Байтасов 50 жасқа толар еді. Ержүрек полицейдің есімін қазақстандықтар, әсіресе жамбылдықтар ешқашан ұмытпайды. Бүгінде өзі оқыған мектеп, облыс орталығындағы көше батырдың атымен аталады. Полиция департаментінің алдына Ғазиз Байтасовтың бюсті орнатылған. Жыл сайын полиция капитанының туған күнінде және өз басын құрбан ете отырып, қауіпті террористті тоқтатқан күнінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері түрлі еске алу шараларын өткізіп келеді.

Алдағы сәуір айының басында облыс орталығындағы «Жеңіс» саябағында полиция департаментінің бастамасымен және облыс әкімдігінің қолдауымен Халық қаһарманына ескерткіш орнатылмақ. Бүгін билік және құқық қорғау органдары өкілдерінің, депутаттар мен батырдың туыстарының қатысуымен ескерткіштің іргетасы қаланды.

– Ғазиз Байтасов “Халық қаһарманы” жоғары атағын алған бірінші және жалғыз полицей болып табылады. Біздің бастамамызға қолдау білдіргені үшін облыс және Тараз қаласының басшылығына шын жүректен ризашылығымды жеткізгім келеді, – деді полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов.

– Мен өзімнің және балаларымның атынан Ғазизді еске алушылардың барлығына, ең алдымен оның әріптестері мен жергілікті билікке алғыс айтқым келеді. Бізді әрқашан ұмытпай, елеп, ескеріп, көптеген іс-шараларға құрметті қонақ ретінде шақырып отырады. Ал «Жеңіс» саябағынан ескерткіштің ашылуы оның жанқиярлық ерлігінің лайықты бағасының және көрсетілген құрметтің тағы бір көрінісі деп білемін», – дейді батырдың жесірі Гүлжамал Тәжиева.

Батырдың мерейтойына орай ашылатын ескерткіш халқымыздың және оның батыр перзенттерінің ерлігі мен өрлігінің нағыз символына айналмақ. Өйткені, Ғазиз Байтасовтың өнегелі ғұмыры – еліміздің өскелең жас ұрпағы үшін жарқын үлгі. Аталған ескерткіштің ашылуы ағымдағы жылы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойын атап өтетін азат елдің тарихына алтын әріптермен жазылары сөзсіз.

Көбірек көрсету

Өзгеде жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close