АуданБасты жаңалықтарДенсаулықЕліміздеҚоғамӨзектіСаясатСпорт

Мүйізді Өтегеннің мүйізді ұрпағы

Таяуда Қордай ауданында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Өтеген батыр ұрпақтарының қолға алуымен Өтеген Өтеғұлұлының 320 жылдық мерей тойы болып өтті, – деп хабарлайды “Aulieatanews” Ақпараттық агенттігі.

Батырдың тойына ағылған халықтың қарасы аз болмады. Қордай ауданының тумасы, белгілі жазушы Марал Ысқақбай бастаған және көршілес Алматы облысы Іле ауданынан, Алматы, Тараз қаласынан келген зиялы қауым өкілдері аудан ардагерлерімен бірге алдымен Мәдениет үйінің алдына орнатылған батырдың еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Содан кейін басталған конференция барысында сөз алған жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Марал Ысқақбай үлкен баяндама жасады.

Марал Ысқақбайдың тарих тұңғиығына жетелеген баяндамасын ұйып тыңдаған көпшілік, тағы бір тарихи сәттің куәсі болды. Алматы облысы Іле ауданының атқамінер азаматтарының қолдауымен және Марал Ысқақбайдың тікелей мұрындық болуымен осы күні жаңа кітаптың тұсауы кесілді. «Мүйізді Өтегеннің мүйізді ұрпағы» деп аталатын сиясы кеппеген кітап көпшілікке жол тартты. Кітаптің аты айтып тұрғандай онда Өтеген батырдың тікелей ұрпақтары Әлмейін ақын, Байсерке күйші туралы тың деректер келтірілген. Жиын барысында Өтеген батырдың 320 жылдығының өтуіне үлкен қолдау көрсеткен меценат, қоғам қайраткері Мүслім Дайырбаев, Алматы облысы, Іле ауданы әкімінің орынбасары Алмасбек Сатибаев, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай сөзге шығып, жиналған қауымды құттықтап, сый-сияпаттарын жасады. Осыдан кейін басталған концерттік бағдарламаны танымал әнші Қарлығаш Қожағазина бастап, Алматы облысы Іле ауданынан арнайы келген Әлібек Нұрқожа атындағы халықтық әжелер ансамблі Өтеген батыр маршы әнін орындап, халық қошеметіне бөленді.

Аудан орталығында өткен салтанатты шарадан кейін жиналған қауым тойдың негізгі бөлігі өтетін батырдың ауылына қарай жол тартты. Алдымен бабаның кесенесіне барған жұртшылық батыр әруағына Құран сүрелерін бағыштап, тәу етті.

Өтеген ауылында ақ киіз үйлер қатарласа тігілген, ортасында үлкен күрес алаңы мен заманауи сахна құрылған. Алдымен еліміздің әр түкпірінен жиналған 28 палуан қазақ күресінен сынға түсіп, бәйгеге тігілген көлікті сарапқа салды. «Алып та, шалып та жығатын» талай жарыстарда шыңдалған спортшылардың дені осы күні бас қосып, Нұр-Сұлтан, Алматы, Қызылорда, Тараз, Бішкек қалалары мен Қордай ауданының мықтылары бақ сынады. Тартысқа толы белдесулердің бірен-сараны болмаса, барлығы уақытынан бұрын аяқталып жатты. Нәтижесінде 2016 жылы өткен «Қазақстан Барысы» турнирінің қола жүлдегері, Тараз қаласының тумасы Айбол Айбек батыр тойына орайластырылған турнирдің қола жүлдегері атанды, ал жұрт асыға күткен финалдық кездесуде 2017 жылы өткен «Қазақстан барысы» турнирінің жеңіпазы Еламан Ерғалиев пен талай байрақты бәсекеде топ жарып жүрген тараздық Дәулетхан Жақыпов кездесіп, жамбылдық жігіттің асығы алшысынан түсіп, жеңіпаз атанып, жеңіл көлікке ие болса, Қызылорда палуаны Еламан Ерғалиев жүлделі екінші орынды қанжығаға байлады.

Бұл уақытта мешіт жанындағы асханада және боз үйлерде жиналған қауымға ас таратылып жатса, сол маңдағы сахнадан қос өңірдің өнерпаздары әннен шашу шашып, ақындар өлеңдерін оқып, екі облыстың игі-жақсылары бір біріне құттықтауларын жеткізіп, қазақи дәстүрмен сыйлықтарын ұсынып жатты.

Өтеген ауылы жанындағы атшабарда түс ауа ине шаншыр орын болмады. Сәйгүліктерін сайлап, еліміздің әр аймағынан келген атбегілер соңғы дайындықтарын пысықтап жатса, атқұмар ағайын анадайдан бәйгенің басталуын тағатсыздана күтуде. Алдымен тақымы мықты, белді де білекті жігіттер шығатын аударыспақтан жарыс өтті. Қамшыны аузына көлденең тістеп, қарсыласын аттан аударып тастау үшін күресетін мықтылардың ішінде жамбылдық жігіттерге тең келер ешкім болмады. Жүлделі үшінші орынды Дәулет Ержепов иеленсе, екінші орынды Нұржігіт Әмзиев жеңіп алды, жарыс жеңімпазы болып Данияр Смайлов атанды. Осыдан кейін көпшілік күткен бәйге де басталды. «Аламан», «Топ бәйге» және «Құнан бейгеге» тігілген бас жүлделер темір автокөлік. Алдыңғы орындарды Алматы облысының Қарасай ауданы және Талғар қаласының жүйріктері ұтса, топ бәйгеде қордайлық Әділхан Шынтасовтың сәйгүлігі жүлделі үшінші орынды жеңіп алып, жерлестер абыройын асқақтатты.

Көбірек көрсету

Өзгеде жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close