Басты жаңалықтарҚоғамОблысӨзекті

Ауыл әйелдерінің форумы

Тараз қаласындағы «Достық үйі» ғимаратында Жамбыл облысының ауыл әйелдері форумы өтті, – деп хабарлайды «Aulieatanews» Ақпараттық агенттігі.

Жамбыл облысының әкімдігі, «Жасыл экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту Коалициясы» ЗТБ, «G-Global» халықаралық хатшылығы, халықаралық Coca-Cola қоры, «EXPO&WOMEN» халықаралық ұйымы ЗТБ-ның ұйымдастыруымен және әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ұлттық комиссияның қолдауымен өткізілген форумға аудандардан келген делегаттар, БАҚ өкілдері мен өзге де қонақтар қатысты.

Форум басталар алдында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлейменнің, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Майра Айсинаның және Жасыл экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту Коалициясының Басқарма төрағасы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңес мүшесі Салтанат Рақымбекованың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Брифинге сөз алған спикерлер аталған форумның маңыздылығына тоқталып, БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берді.

Брифннтген кейін өткен пленарлық сессияда сөз алған Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев форум жұмысына сәттілік тіледі.

– Киелі Әулиеата жері қашан да ардақты қыздарын, атақты еңбек майталманы атанған әйел азаматтарын мақтан етеді. Ерен еңбектің үлгісін көрсеткен, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, ғасыр куәсі Мәрзия Ибрагимова, бақытын ерен еңбектен тапқан өңіріміздің даңқты Еңбек Ерлері Дариха Жантохова, Сындыбала Оңғарбаева, Тамдыкүл Жамбылова сияқты ардагерлеріміздің еңбектері еш уақытта да ұмытылмасы ақиқат.

Бүгінде біздің облысымызда 1 миллионнан астам халық тұрса, оның 60%-ауылда тұрады. Оның жартысы – әйелдер. Олар әлеуметтік салада, орта және шағын кәсіпкерлікте, қызметтің түрлі салаларында табысты еңбек етіп жүр. Мәселен, аудандық мәслихат депутаттарының 29-ы – әйел, 20415-і – ұстаз, 785-і – дәрігер, 1000 мыңға жуығы – мемлекеттік қызметкерлер. Сондай-ақ, облыстағы 19 мыңға жуық шаруа қожалықтың төрттен бірін нәзік жандылар басқарып отыр. Әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға облыстық іскер әйелдер кеңесі де қомақты үлес қосып келеді. Кеңестің тікелей ұйытқы болуымен Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау орталықтары ашылуда. Бүгінгі күні Қазақстанның әйелдері отбасы ошағының сақтаушылары болып қана қоймай, болып жатқан өзгерістердің белсенді қатысушылары болып табылады, – деген облыс әкімінің орынбасары келген қонақтарға алғысын білдірді.

Бұдан кейін сөз жалғаған Ләззат Сүлеймен, Майра Айсина, Салтанат Рақымбековалар еліміздегі нәзік-жандылардың жай-күйі, олардың мемлекеттік қызмет пен кәсіпкерлікте алатын орны жайлы кеңінен толғаса, форумның өзге де қатысушылары әйелдер қауымының қоғамдағы рөлі жайында өз ойларын ортаға салды.

Ресми шарадан кейін форум қонақтары кәсіпкер әйелдердің тауарларының көрмесін аралап, тәжірибелік сессиялар мен шеберлік-сыныптарына қатысты.

Жиын соңында Қазақстан ауыл әйелдерінің екінші форумына делегаттар сайланып, көпшілік «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешеніндегі ашық аспан астындағы музейді тамашалады.

Көбірек көрсету

Өзгеде жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close