Басты жаңалықтарЖастар саясатыҚоғамОблысӨзектіСаясат

Жастар арасындағы спартакиада

Жыл сайын 12 тамыз – Халықаралық жастар күні ретінде аталып өтеді. Осы айтулы күнге және «Жастар жылына» орай «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен «Жаңарған Жамбылға-80 жыл!» атты облыстық спартакиада ойындары өтті, – деп хабарлайды «Aulieatanews» Ақпараттық агенттігі.

Облыстық спартакиадада Жамбыл, Байзақ, Шу, Талас, Жуалы аудандарының және Тараз қаласының «Жастар ресурстық орталықтарының» қызметкерлерінен құралған командалар спорттың жағажай футболы, суда жүзу, гір тасын көтеру, арқан тарту деп аталатын түрлері бойынша өзара бақ сынасты. Алдымен қатысушы командалар сапқа тұрғызылып, спартакиаданың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Онда аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы сөз сөйлеп, шараға қатысушы жастарға сәттілік пен жеңіс тіледі. Сонымен бірге аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мақсұтбек Арзымбетов қатысушыларды спартакиаданың ережесімен таныстырса, «Этноауыл» демалыс орталығының басшысы Ләйла Үсенбаева да ізгі тілегін білдіріп, жастарды мерекемен құттықтады.

Спартакиада гір тасын көтеруден басталды. Онда Жуалы ауданының намысын қорғаған Мұхтар Сәдірмек 16 келі тартатын гір тасын 60-тан аса көтеріп, барлық қарсыласынан білек күшінің басым екенін байқатты. Спорттың бұл түрінен Жамбыл ауданынан келген Саламат Санатұлы ІІ орын алса, байзақтық Ерғали Нұрғожаев үздік үштіктің қатарынан орын алды. Командалар арасындағы арқан тарту ойыны да тартысты өтуімен жанкүйерлердің есінде қалды. Онда алғаш болып Шу ауданы мен Тараз қаласының командалары күш сынасып, шулықтар намысты қолдан бермеді. Ал жуалылықтар Жамбыл ауданынан басым түсті. Бәсі биік Байзақ ауданының командасы таластықтарды тізе бүктірсе, жартылай финалда Шудан келген білекті жігіттер біздің ауданның командасын жеңіп кетті. Шешуші ойында Шу мен Байзақ аудандары кездесіп, байзақтық жігіттер ойын тағдырын өз пайдаларына шешті. Сонымен бұл ойында байзақтықтардың бағы жанды.

Бассейндегі суда жүзу спортында да Байзақ ауданы командасының мүшесі жеңімпаз атанды. Тараздық команда ойыншысы ІІ орынды еншілесе, шулық спортшы үздік үштіктің қатарынан орын алды. Тартысты өткен ойындардың нәтижесінде Байзақ ауданының құрама командасы үздік ойын өрнегімен алғашқы орынға шықты. Командалық есепте де Байзақ аудандық «Жастар ресурстық орталығы» І орынды еншіледі.

Спартакиаданың қорытындысында жүзден жүйрік шыққан үздік командалар аудан әкімінің арнайы Дипломы және Алғыс хаттарымен марапатталып, заттай бағалы сыйлықтарға ие болды. Байзақ ауданының командасына Диплом, кубок, естелік сыйлық табысталса, ІІ және ІІІ орындарға иелік еткен Жуалы ауданы мен Тараз қаласының командаларына да сый-сияпаттар берілді. Командаларды аудандық «Жастар ресурстық орталығы» директорының міндетін атқарушы Мейіржан Телеушов, спартакиаданың бас төрешісі, ардагер спортшы Мейрамбек Қалдыбаев марапаттады. Сонымен бірге «Этно-ауыл» демалыс орталығының басшысы Ләйла Үсенбаеваға, «Жастар ресурстық орталығының» бірқатар үздік жастар ісі нұсқаушыларына аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталды.

Көбірек көрсету

Өзгеде жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close