Басты жаңалықтарЕліміздеҚоғамОблысӨзекті

Қоқыс қашан тазарады?

Тараз қаласының əкімі Қайрат Досаевтың назарына!

Ы.Сүлейменов №18
31.07.2019
Ы.Сүлейменов №18
31.07.2019

Тараз қаласы – облысымыздың айнасы. Шаһардың күннен күнге жаңарған келбетіне бүгінде көз тоймайды. Алайда, бүгін Ы.Сүлейменов көшесі, №18 мекен-жайда орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің ортасында шашылған күл-қоқыстарды көріп, осыншама еңбектің еш кеткені ме деп, көңіліміз құлазып сала берді. Мұндағы тұрғындармен тілдескенімізде: «Бұл күл-қоқыстардың жатқанына айға жуық болды. Тазалаушылар жәшіктердегі қоқысты арнайы техника көмегімен алып кеткенімен, жәшік сыртындағы қоқыс әр жерге төбе-төбе болып үйіліп, артынан  бүкіл аулаға шашылып жатады. Бұл қоқысты жинастырып, алып кетіп жатқан адамды көрмедік. Жел тұрған күндері қоқыс жан-жаққа шашылып, айналаны одан шығатын жағымсыз иіс жайлайды. Қолқаны қабатын сол иіс салдарынан аулада еркін тыныстап, демалу мүмкін болмай тұр. Мүңкіген иіс аулада ойнайтын балалардың да денсаулығына кері әсерін тигізе ме деп алаңдаймыз», – дейді ашуға булыққан бір топ аула тұрғындары.

Келтіріліп отырған бұл факті қаладағы келеңсіз жайттардың бір парасы ғана. Шырайлы шаһарымыздың шырқын бұзатын мұндай көріністер қаланың басқа да аумақтарында кездесіп жатады. Алдағы уақытта оларға да жеке-жеке тоқталып, оқырман назарына ұсынатын боламыз.

Расында, шашылған қоқыстар қаламыздың көркін бұзып, шырайын қашырады. Бүгінде ішкі туризмді дамыту үшін, қалаға туристерді тартамыз десек, ең алдымен шаһар тазалығына баса мән берген жөн. Себебі, қаланың таза болуы облысымыздың абыройын асқақтатады. Бірақ, осыны жете түсінбей, тазалық жұмыстарына мән бермеген жауапты тұлғалардың қайда қарап отырғаны бізге беймәлім.

Бұл мәселенің шешімі тез арада табылып, тиісті мекеме басшылары ауланы қоқыстан тазартып, қала тұрғындарының алғысына бөленеді деген ойдамыз.

Е. Бұлт.

Көбірек көрсету

Өзгеде жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close