АуданБасты жаңалықтарОблыс

Жерлестеріміз жарады

Әр жылдары мектеп қабырғасынан қанат қаққан түлектердің бастамасымен қаншама игі істер атқарылуда. Оған, соңғы жылдары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында қолдау тауып, қолға алынып жатқан жұмыстарды айтуға болады. Жыл аралап, ауыл тынысы кеңейіп, ажар қосып келеді десек, бұл игілікте мектеп түлектерінің қосқан үлестері аз емес.

Ізгі ниеттен туған көңіл қоштарлық іс Ойық ауылында көрініс тапты. Мектепті 1989 жылы бітірген түлектер округ тұрғындарына ерекше сый ұсынуды жөн тауыпты.

Балалықтың ізі қалған ауылда бас қосқан азаматтар алдымен спорт түрлері бойынша жарыс ұйымдастырды. Волейбол, футбол ойындарынан өткен бәсекеге аймақтан 17 команда қатысып, өзара мықтыны анықтады. Сондай-ақ, білекті жігіттерді жиып көкпар берді. Үздіктер қатарынан көрінгендерге арнайы жүлделер тапсырылды.

Алтын ұядан ұшқанына 30 жыл болған түлектер келесі күні мектеп бітірушілердің аттестат тапсыру рәсіміне қатысып, аяулы ұстаздары мен білім ошағын «Алтын белгімен» аяқтап жатқан оқушылардың ата-аналарын құттықтап, сыйлықтарын табыс етті.

1989 жылы мектеп бітірген шәкірттердің қатарында ғалым, ұстаз, кәсіпкерлер аз емес. Белгілі эстрада әншісі Мұқасан Шахзадаев та бір жылғы түлек. Ауыл тумасы мерейлі датаға орай өнерде жүрген танымал әншілерді шақыртыпты. Ауыл-аймаққа жолы түсе бермейтін өнер жұлдыздарын көріп, әндерін тыңдауға жиылғандардың қарасы қалың болды. Сазгер, әнші Арман Дүйсенов жүргізген концерттік бағдарламада «Азия» мен «Бақай», «Жебе», «Диета кz», «МузАРТ» топтарымен қатар, анекдотшы Бауыржан Тұрабаев, Саят Медеуов, Ғазизхан Шекербеков, Ернар Айдар өнер көрсетті. Осы кеште Мұқасан Шахзадаев және Мейрамбек Беспаевтың орындауындағы жаңа туынды тыңдармандар назарына ұсынылды. Ауылды әнмен тербеген көңілді кеш үшін тұрғындар түлектерге ризашылықтарын білдірді.

Нарбол Қашаған

Көбірек көрсету

Өзгеде жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close